- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Елордада 8 желтоқсан...
Елордада 8 желтоқсан күні XIV Қысқы қайырымдылық балы өтеді
Бұл - 2012 жылдан өткізіліп келе жатқан Қазақстандағы өзіндік тарихы бар бал.
Елордада 8 желтоқсан күні Hilton Astana қонақ үйінде XIV Қысқы қайырымдылық балы өтеді. "Болашақ" корпоративтік қоры ерекше қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуы мәселелеріне қоғамның назарын аудару және дарынды жастарды қолдау мақсатында балды 2012 жылдан бері жыл сайын өткізіп келеді.
Әдетте бизнесмендер, меценаттар, YPO мүшелері, саясаткерлер, шет мемлекеттердің елшілері, әйгілі әртістер, блогерлер Қысқы қайырымдылық балына қонақ болады. Іс-шараның айшықты белгісі - бал дебютанттары. Биыл балға 30 дебютант қатысады. Жыл сайын дебютанттар кастингіне 100-ден астам адам қатысады.
Бал бағдарламасында: дебютанттармен билер - классикалық вальстен от шашқан дискоға дейін, мәзірі талғампаздықпен жасалған салтанатты кешкі ас, танымал әртістер Қазыбека Құрайыш пен Qanay-дың, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамблінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің және солисттер Зарина Божақова мен Әлібек Альмадиевтің өнер көрсетуі.
Дәстүр бойынша құнды өнер және спорттық атрибутика заттары қойылған бірегей лоттар аукционы, сондай-ақ бағалы жүлделер ұтыс ойыны өткізіледі. Олардың ішінде: "Turkish Airlines" ұсынған Астана - Мадрид - Астана бағытында ұшуға екі кісілік билет, Evrika компаниясынан 2 млн теңгеге сертификат, сондай-ақ сұлулық индустриясы және медициналық қызметтер саласындағы компаниялардан сыйлық сертификаттары және басқалар.
Жиналған қаражат "Болашақ" корпоративтік қорының ерекше қажеттіліктері бар балаларға және дарынды жастарға арналған "Әр бала мектепке баруға лайықты" және "Жол жүру гранттары" қайырымдылық бағдарламаларына жұмсалады.
Қайырымдылық балдарында жиналған қайырымдылық қаражатқа қор 80-нен астам мамандандырылған оңалту мекемесін, оның ішінде барлық Қазақстан бойынша 56 инклюзияны қолдау кабинетін ашып, жабдықтады. Аутизм және дамуында басқа ерекшеліктер бар 800-ден астам бала мектепке бару мүмкіндігіне ие болды. 3000-нан астам маман оқытылды, инклюзивті білім беру саласында 500-ден астам жұмыс орны ашылды, аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар мен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға 120-дан астам білім беру және жол жүру гранты тағайындалды.
Қайырымдылық қаражатты пайдаланудың ашықтығын сақтау мақсатында www.bolashakcharity.kz сайтында қаржылық есептер жарияланады.
Қайырымдылық саласындағы жылдың басты оқиғасын өткізіп алмаңыз! XIV Қысқы қайырымдылық балының қонағы болыңыз және жүйелі қайырымдылықтың дамуына өз үлесіңізді қосыңыз!
Серіктестік материал
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина