Елорда әкімдігі заңды жұмыс істеп жүрген таксилер үшін бірыңғай талаптарды әзірлеуде. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында «Астана LRT» ЖШС Жолаушы көлігі басқармасының жетекшісі Бейбіт Есжанов мәлім етті.
Астанадағы такси желісін жетілдіру бойынша жоба «City taxi» деп аталады. Оның аясында қажетті өзгертулер жасалып, заңды жұмыс істеп жүрген таксопарктерді көліктермен толықтырып, инфрақұрылымды дамыту үшін бірыңғай ережені әзірлеу қамтылған.
Б. Есжановтың айтуынша, қазіргі кезде Астананың жолаушылар көлігі басқармасында 14 таксопарк тіркеліп, оларда 500-ге тарта автомобиль жұмыс істеуде. Яғни, халқы миллионға жуықтаған елорда үшін бұл такси парктерінің мүмкіндігі жеткіліксіз.
«Есептеулерге қарағанда, қала қажеттілігін қамту үшін 3 мыңға жуық такси керек болып отыр. Алғашқы кезеңде көліктер саны кем дегенде 1100-ге жетуі тиіс», — деп түсіндіріп өтті ол.
Атап айтқанда, таксистерге арналған бірыңғай талаптарды заңнамалыық тұрғыда бекіту жоспарланып отыр. «Таксидің сыртқы түрі бірыңғай форматта бекітілуі керек болады. Сонымен қатар осы қызмет түрі лицензиялануы қажет. Бұл лицензияны алу үшін жүргізуші алдымен тиісті мамандандырылған оқу орнында біліктілігін жетілдіруге міндетті болады», — деді ALRT өкілі.
Мұнымен қоса, жүргізу шаһарды өте жақсы білуі тиіс. Қауіпсіздік талаптарына сай машиналар сервистік қызмет көрсетудің арнайы орындарында жөнделеді.
Осы орайда ол заңды жұмыс істейтін таксистер бұл талаптарды қабылдауы керек немесе бұл нарықтан кетуі тиіс екенін жеткізді.
Бұл жобаның аясында такси инфрақұрылымын дамыту көзделіп отыр. Бүгінде қала бойынша таксилерге арналған 47 орын жасақталған, алдағы уақытта оларды 300-ге дейін арттыру қарастырылуда.
Дереккөзі: inform.kz