- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Елорда маңында отбасымен...
Елорда маңында отбасымен қайда демалуға болады?
Астана қаласында жылдан жылға туристер саны артып келеді. Еліміздің бас қаласында соңғы жылдары қандай өзгеріс болды? Болашақта қалай өзгереді? Туристер қай жерлерге саяхаттай алады? Massaget.kz тілшісі шолу жасады.
Жалпы, Астана орналасқан аймақ оқиғалық, іскерлік, медициналық туризмге өте қолайлы. Бүгінгі таңда бас шаһарда туристердің саны айтарлықтай өсіп келеді. Мәселен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша туристер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,3 пайызға артып, 1 324 047 адамға жеткен. Оның ішінде бас қалаға шетелдік туристерден 287 126 мың адам келсе, ішкі туристерден бір миллионан аса адам саяхаттаған. Келушілердің көбі Ресей, Түркия, Қытай, Германия және АҚШ мемлекеттерінен.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Турар Казангапов
Сондай-ақ әуе жолаушылар ағыны 25 пайызға артып, 2023 жылы 7,5 миллион адамға жетті. Ал теміржол ағыны 15 пайызға өсіп, тиісінше 5,5 миллион адамды қамтыған.
"Негізгі өсім әуе көлігімен тасымалдауда тіркелді, мұнда 30 бағыт бойынша әлемнің 13 еліне 23 авиакомпания тікелей халықаралық рейстерді орындайды. Визасыз режим 79 елмен жаңартылды", - деді Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Турар Казангапов
Қалада бүкілі 9 283 нөмірге арналған 229 қонақ үй жұмыс істейді, 70 ірі туристік нысан: театрлар, мұражайлар, саябақтар, СОО(ойын сауық орталығы), 2100-ден астам қоғамдық тамақтану нысаны, 2 ақпараттық туристік дүңгіршек бар.
"Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сервистік қызмет – елорданың туристік полициясы құрылды. Туристік саланы дамыту тұжырымдамасына сәйкес Астана елдің саяси, әкімшілік, іскерлік және мәдени орталығы болып саналады. Осыған байланысты, Іскерлік туризм елордада басым бағыт болып белгіленді. Астанада конгресс-көрме инфрақұрылымы жеткілікті, осы бағытты дамытуға ерекше назар аударамыз. Елорданың іскерлік туризм индустриясын дамыту мақсатында, сондай-ақ іс-шараларды өткізу үшін біз салалық қауымдастықтар мен корпоративтік сектор өкілдерімен әріптестік бағдарламаны іске асырамыз.Қатысушылардың жалпы саны 90-нан астам компания", - деді Мақсат Жаңабаев.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Турар Казангапов
Қаланың ең көрікті жерлері қандай?
- Бәйтерек Монументі;
- Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы;
- Астана Опера мемлекеттік опера және балет театры;
- Орталық мешіт;
- Хан Шатыр СОО;
- ЭКСПО Конгресс-орталығы;
- Бейбітшілік және келісім сарайы;
- "Ailand" отбасылық демалыс орталығы;
- "Астана Балет" Театры.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Турар Казангапов
Астанада маңында қандай әдемі жерлерге баруға болады?
Бурабай көлі
Биылдан бастап Бурабай ұлттық паркінің аумағы 186 гектарға жуық ұлғайды. Бурабай көлі Астанадан 250 шақырым жерде орналасқан. Ол жерде саяхатшыларды Бөлектау шыңы баурап алады. Себебі, тау үстінен көлге биіктен қарағанда әсем көрінеді. Онымен қоса, ұлттық парк маңындағы Кіші және Үлкен Шабақты мен Шортанды көлдері де қызықтырмай қоймайды. Мұнда серуендеуге және велосипед тебуге болады.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Турар Казангапов
Қорғалжын қорығы
Қорғалжын қорығы 1968 жылы құрылған еліміздің ең ірі қорықтарының бірі. Мемлекеттік қорық Астана қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Мұнда сүтқоректілердің 41 түрі, құстардың 299 түрі, балықтың 14 түрі, өсімдіктің 343 түрі кездеседі. Қорғалжын қорығы– қызғылт қоқиқаздардың солтүстікте ұя салып, жұмыртқа басатын бірден бір мекені. Шетелдік және қазақстандық туристер жыл сайын бұл жерге осы ерекше құсты көру үшін келеді.
Фото: Pixabay.com
Бұйратау саябағы
Асыл тұқымды бұғы-маралдар көргіңіз келсе, Бұйратауға түссін жолыңыз. Саябақ ерекше табиғатымен де танымал. Бұйратау Астанадан 100 шақырым солтүстік-шығысқа қарай созылып жатқан табиғи парк. Сондай-ақ ең қызығы, мұнда еліміздегі түркі тас мүсіндерінің ең ірі кешендерінің бірі – Құмай кешені бар. Тас мүсіндер, әдетте, шығыс жағындағы тас қорымдардың шетінде орналасқан. Саябаққа мамыр мен қыркүйек айлары аралығында саяхаттасаңыз болады.
Фото: Бұйратау ұлттық саябағы әкімшілігінен
Арнасай қоймасы
Астана көрікті жерлерінің бірі - Вячеслав(Арнасай) су қоймасы. Қойма 1960 жылдардың аяғында құрылған. Астанадан оңтүстік-шығысқа қарай 66 шақырым жерде орналасқан. Мұнда көпшілік табиғатта аясында демалып, балық аулап, суға шомылу үшін келеді. Су қоймасының демалуға ыңғайлы тік те, еңісті де жағалаулары бар. Көптеген жерлерде көлеңкесі мол биік ағаштар бар. Көлдің айналасында бірнеше ауыл бар.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Ордабаев