Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіруші кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қала сайтына сілтеме жасап.
Отырыста елордадағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жүргізілген жұмыстардың тексеру нәтижелері талқыланды, сонымен қатар қылмыстың алдын алу, криминогендік жағдайға теріс ықпал ететін себептер мен жағдайлар бойынша проблемалық мәселелер көтерілді.
"Заңдылықты, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың кез келген көріністеріне төзбеу - біздің басым міндеттеріміз", - деді Жақсыбеков. Астана қаласының әкімі, сондай-ақ, елорда тұрғындары мен қонақтары тыныштығы мен амандығы, мүліктік құқықтары дұрыс қорғалғаны үшін сенімді болуы тиіс екенін атап өтті.
Қала прокуроры Сабыржан Бекбосынов алдын алу жүйесінде қылмыстық әрекет үшін алғышарттар жасайтын әлеуметтік-құқықтық факторларды жою жөніндегі шаралар басым болуы тиіс екеніне назар аудара отырып, құқық тәртібін нығайту, құқық бұзушылықтың алдын алудың түбегейлі жаңа тәсілдерін әзірлеу мәселелерінде құқық қорғау және атқарушы органдардың өзара іс-қимылын тиісті қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Отырыста көшелерді, тұрғын үй кешендерін, сауда орындарын, қоғамдық көлікті жарықтандыру, сапалы бейнебақылау жүйесімен жабдықтау, қоғамдық орындар мен көшелерде тұрақты полиция бекеттері желісін, сондай-ақ, жылжымалы полиция бекеттерін кеңейту, учаскелік инспекторлардың бекітілген аумақтағы жұмысын күшейту мәселелері көтерілді.
Жағдайды егжей-тегжейлі талдау, пісіп-жетілген мәселелерді шешу жолдарын талқылау қорытындысы бойынша, Үйлестіруші кеңес қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша, әсіресе, адамдар көп жиналатын жерлерде (оның ішінде сауда ойын-сауық орталықтарында да) тиісті жағдайды қамтамасыз етуге, елорда тұрғындарын қылмыстық қол сұғушылықтан қорғаудың тиімді жүйесін құру, қылмысқа, экстремизм мен терроризм көріністеріне қарсы күресті күшейтуге бағытталған нақты ұсыныстар мен ұсынымдар әзірледі. Барлық отырысқа қатысушылар осы бағыттағы бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті.