Елорда әкімдігі ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған 60-тан аса шара дайындап жатыр, - деп хабарлады Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Педагогтарға, дәрігерлерге, спортшыларға, құрылысшыларға, кәсіпкерлерге, студенттерге, көп балалы аналарға және еңбек ұжымдарына, жас республиканың дамуына елеулі үлес қосқан, Қазақстанды шетелге танытқан азаматтарға басымдық беріледі. Сонымен қатар, елорда тұрғындары мен қонақтары Тәуелсіздік күнін мерекелеуге арналған көрмелер мен концерттерді тамашалай алады.
Атап айтқанда, 13 желтоқсанда Оқушылар сарайында (Б. Момышұлы даңғ.) «Мәңгілік ел - Қуатты Қазақстан» мерекелік концерті өтеді; 22 желтоқсанда «Ақбұлақ» өзенінің жағалауында және «Жерұйық» саябағында «Мұз үстіндегі қала» мұз қалашықтары, мектептердің аумақтарында хоккей корттары ашылады; желтоқсанның 10-ынан 12-сіне дейін «Алматы» ауданының тұрғын алаптарында «Астана шаттық» автокеруені Қазақстан эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт өтеді; 23 желтоқсанда «Қазақстан» спорт сарайында жетім балалар мен аз қамсыздандырылған отбасылардан шыққан балалар үшін тегін негізде мұзда коньки тебу шарасы ұйымдастырылады.
Атап өтерлігі, зейнеткерлер, көп балалы және тұрмысы төмен азаматтар 18, 19, 24, 25, 26 қараша күндері М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында және 29 қарашаға дейін Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрында қойылымдарды тегін тамашалай алады.