- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Елорда әкімдігі жұмыс...
Елорда әкімдігі жұмыс берушілерді санитарлық нормаларды қатаң сақтауға шақырды
Бірқатар кәсіпорындар қорғаныс құралдарының, орталықтанған тасымалдау қызметінің жоқтығы мен дезинфекция жүргізудегі немқұрайдылық үшін жазаға тартылды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.
20 сәуірден бастап өз қызметін қайта бастаған 15 елордалық кәсіпорын жұмысын қайта тоқтатты, деп хабарлады бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен. Оның айтуынша, қалада күн сайын полицияның, эпидемиологтар мен әкімдік қызметкерлерінің жаңадан ашылған зауыттарда, комбинаттарда және ТҚС санитарлық нормаларды сақтау бойынша бірлескен рейдтері өткізілуде.
«Осы кезеңде санитарлық нормаларды бұзғаны үшін, атап айтқанда, орталықтандырылған тасымалдау мен қорғаныс құралдарының жоқтығы, дезинфекция жүргізудегі немқұрайдылық үшін 15 нысанның қызметі тоқтатылды», – деді Б. Мәкен.
Сонымен қатар қызметі рұқсат етілген барлық ұйымдар үшін олардың жұмыс істеуінің егжей-тегжейлі алгоритмдері дайындалды. Оның ішінде санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтау ұйғарылды. «Кәсіпорын басшылары барлық қызметкерлерді жеке гигиена құралдарымен қамтамасыз етуге, антисептиктер орнатуға, дезинфекция жүргізуге тиіс. Бұл талаптар орындалмаған жағдайда кәсіпорын мен нысандар жабылатын болады», – деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары.
Естеріңізге сала кетейік, 20 сәуірден бастап елордада өнеркәсіп кәсіпорындары, құрылыс және жол-құрылыс саласындағы компаниялар, ірі құрылыс дүкендері, көлік, қойма саласындағы компаниялар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы сервистік компаниялар, автосалондар, ТҚС, көлік жуу, шиномонтаж сервисі, автоқосалқы бөлшектер, химиялық тазалау дүкендері, ұйымдастыру техникасын жөндеу орталықтары, екінші деңгейлі банктерде штат санының 50%-ы, 9:00-ден 16:00-ге дейін, алдын ала жазылу бойынша нотариустар жұмысы қайта басталды.
Қоғамдық тамақтану нысандарының жұмысы тек өзімен алып кету және жеткізу қызметімен 22:00-ге дейін ұзартылды.
Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша қалада жалпы алғанда 80 мыңнан астам адам жұмыс істей бастады.
Н. Үсенова