Президент азаматтардың мемлекеттік басқару үдерісіне тікелей қатысу тетіктерін құру елді жаңғыртудың бір жолы екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында сөз сөйледі.
"Дәл осы себепті Қазақстан Халық Кеңесі құрамының үштен бірі қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерінен жасақталды. Бұл – трансформацияның жаңа кезеңі. Сол себепті жүріп өткен жолымызды объективті түрде талдап, келешектегі күрделі сын-қатерлерді шешудің жаңа тәсілдерін әзірлеуді талап етеді. Елімізге популистер немесе мансапқорлар емес, кәсіби ортада мойындалған көшбасшылар мен түрлі саланың майталмандары, нағыз патриоттар қажет", - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, көп жұмыс атқарылған, мұны мойындау керек.
"Үшінші сектор" тың серпін алып, қоғамдық бақылау тетіктері қалыптасты және кері байланыс жолға қойылды. Алайда реформалар самарқаулықты көтермейді. Біз мұны жақында өткен жағдайдан сабақ алып, көкейімізге мықтап түйдік. Өзгерістер кезеңіндегі қысқа мерзімді кідірістің өзі тұрақтылықтың шырқын бұзып, ауыр салдарға ұрындыруы ықтимал", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова