- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Еліміздің үш өңірінде...
Еліміздің үш өңірінде халық саны азайып жатыр - Нұртөре Жүсіп
Сенатор Нұртөре Жүсіп Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында жылдан жылға адамдардың саны азайып жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депуттаттық сауал премьер-министр Олжас Бектеновке жолданды.
"Құрметті Олжас Абайұлы, Сенат өткен сессияда "Демографиялық өсу – ұлттың стратегиялық артықшылығының негізі" тақырыбында Үкімет сағатын өткізген. Сенат Үкімет пен тиісті министрліктерге бірқатар ұсыным жолдады. Осыған байланысты Үкімет берген жауапта көтерілген мәселелердің басым бөлігі шешімін таппаған күйінде қалып отыр", - деді Нұртөре Жүсіп.
Оның айтуынша, депутаттар Үкіметке демография мәселелері бойынша мемлекеттік орган құру мәселесін зерделеу ұсынған. Алайда ұлттық экономика министрлігі бұл ұсынысқа "Мұндай мемлекеттік органды құру іс жүзінде мүмкін емес" деп жауап қайтарыпты.
"Сенаттың демография саясатына қатысты көтерген өзекті мәселелердің бәрін Үкімет елемейтін болса, сырғытпа жауаптармен құтылса, сонда Үкімет сағатын не үшін өткіздік? Бір сөзбен айтқанда, Үкімет берген жауап көңілімізді көншітпейді. Демографиялық сын-қатерлер, халықтың қартаюы, бақыланбайтын урбанизация және көші-қон, халықтың шамадан тыс өлімі жүйелі және шұғыл шешімдерді қажет етеді. Демографиялық процестер үшін Үкімет тарапынан нақты жауапкершіліктің болмауы, мониторингтің жоқтығы, жүргізіліп жатқан экономикалық және әлеуметтік реформалардың тиімділігінің төмендеуіне әкелетінін ескеру керек", - деді сенатор.
Депутат соңғы жылдары солтүстік-шығыс өңірлерде халықтың саны азайып жатқанын атап өтті.
"Ұлттық статистикасы бюросының дерегінше, Солтүстік Қазақстан облысында көші-қон сальдосы 2024 жылғы 1 шілдеде теріс және минус 3396 адам болды. Сондай-ақ СҚО бойынша табиғи өсім мың адамға шаққанда минус 1,94 теріс сальдоға тең. Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында туған адамдардың саны жыл сайын азайып келеді", - деді ол.
Нұртөре Жүсіп Үкімет бұл мәселеге шұғыл назар аударуы керек деген пікірде.
"Өңірлерге жұмыс сапары барысында халықпен кездесулер өткізіп келдік. Демографияға қатысты сұрақтар тағы алдымыздан шықты. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысындағы Сәбит Мұқанов ауылы жабылған. Халық жазушысы Сафуан Шәймерденовтің ауылы жабылуға жақын. Еңбек ері, қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов туған Жаңа жол ауылының тағдыры қыл үстінде тұр. Құрметті Олжас Абайұлы, сондықтан Сенат ұсынымдарын қайта қарауды, солтүстік өңірлерде әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасын дереу қолға алуды, аймақтарға жастарды тарту, инфрақұрылымды дамыту, миграцияны басқару, зейнетақы және әлеуметтік қызметтерді жақсарту бойынша мәселелерді жедел пысықтап, нақты шешімдер қабылдау керек деп есептейміз", - деп сөзін түйіндеді депутат.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Есен