"Қазгидромет" орталығы алдағы күндерге арналған күн райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Massaget.kz.
Қай өңірлерде күн жылы болады?
Қазан айының соңғы күндері Қазақстанның батысы мен оңтүстігінде күн жылы болады. Бұл өңірлерде ауа температурасы күндіз +22 градусқа дейін көтеріледі. Ал елдің солтүстігі мен шығысында жауын-шашын, негізінен қар күтіледі.
Синоптиктердің болжамынша, 29-31 қазан аралығында Қазақстанның батысындағы ауа райына ауқымды антициклон әсер етеді. Соның нәтижесінде өңірде негізінен жылы ауа райы сақталады.
Күндіз еліміздің батысы мен оңтүстігінде ауа температурасы +17…+22 градусқа дейін көтеріледі.
Қай өңірлерде қар жауып, күн суытады?
Қазақстанның солтүстігі мен шығысында, сондай-ақ оңтүстік облыстардың таулы аудандарында атмосфералық фронттардың әсерінен жауын-шашын күтіледі. Кей жерлерде қар жауады.
Түнде ел аумағының басым бөлігінде ауа температурасы нөлден төмендейді. Күндіз солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде ауа температурасы 0…+10 градус шамасында болады.
Қазақстанда қыс қандай болады?
Бұған дейін синоптиктер Қазақстанда алдағы қыста қандай ауа райы күтілетінін хабарлаған еді. Алдын ала болжам бойынша, 2026–2027 жылдардағы қыс салыстырмалы түрде жылы болады. Алайда кейбір өңірлерде жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан асуы мүмкін.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!