- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Еліміздің қай өңірлерінде...
Еліміздің қай өңірлерінде жұмыссыздық мәселесі ушығуы мүмкін?
Қызылорда және Ақтөбе облыстарындағы мұнай кен орындары таусылуға жақын. Онда мұнай өндіру деңгейі төмендеп жатыр. Бұл туралы KAZENERGY қауымдастығының бас директоры Кенжебек Ибрашев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін Сенатта Үкімет сағаты өтіп жатыр. Жиында салық саясатының және салықтық әкімшілендіруді жаңғыртудың негізгі тәсілдері мен тұжырымдамалық мәселелері талқыланып жатыр.
Кенжебек Ибрашевтің айутынша, бүгінде Қазақстанда ең жоғары салық жүктемесі көп жылдан бері мұнай-газ саласына тиесілі.
"Егер халықаралық стандарттар бойынша есептесек, мұнда рентабельдік 29 пайыз болса, жүктеме - 80 пайыз. Дәстүрлі салықтардан басқа мұнай-газ саласы жер қойнауын пайдаланушыларға арнайы салықтар мен кедендік әкету бажын төлейді", - деді басшы.
Сондай-ақ, ол қай өңірлерде жұмыссыздық мәселесі ушығуы мүмкін екенін айтты.
"Бұл ретте ішкі нарыққа мұнай жеткізетін көптеген кен орны қорлары таусылып немесе таусылуға жақындап, өндіру деңгейі төмендеп жатыр. Бұл, ең алдымен, Қызылорда және Ақтөбе облыстарындағы кен орындарына байланысты. Президент ескі кен орындарының мәселесіне бірнеше рет назар аударды. Бірақ жағдай өзгере қоймады әлі жүйелі шаралар қабылданбады", - деді Кенжебек Ибрашев.
Оның пікірінше, мұнай өндіру еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі үшін де маңызды.
Ол мемлекет басшысы болашақта еліміздің экспортқа бағдарланған мемлекет болуына мүмкіндік беретін қосылған құны жоғары тереңдетілген тауарлар өндірісін ынталандыру маңызды екенін еске салды. Сондықтан қазірден бастап экономиканы әртараптандыру өзекті.
"Шын мәнінде біз экономиканы әртараптандыруды жылдамдатуымыз керек. Бұл ретте мұнай өндіру секторынан түсетін кірісті алмастыру жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Өйткені қазір көптеген сарапшының пікірінше, мұнайдан түсетін жеңіл ақша дәуірі аяқталуға жақын. Мұнайдың физикалық көлемінің азаюы жағдайында баға конъюнктурасының жақсаруына үміт артудың қажеті жоқ", - деді бас директор.
Аяз Есен
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!