Еліміздегі волонтерлердің саны 300 мыңға жетті

Еліміздегі волонтерлердің саны 300 мыңға жетті
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлер форумында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев сын сағаттарда волонтерлер кез келген шаруаға зор жауапкершілікпен қарап, белсенді жұмыс істегенін айтты.

"Пандемия кезінде еріктілердің ерлігіне бүкіл ел куә болды. Күрделі кезеңде мыңдаған волонтер алдыңғы шепте еңбек етті. Олар дәрігерлерге, тәртіп сақшыларына, мұғалімдерге, мұқтаж жандарға көмектесті. Алапат тасқын кезінде еріктілер құтқарушылармен бірге ортақ іске атсалысты. Апат күндері 50 мың волонтер табанды жұмыс істеді. Жалпы мұндай мысал аз емес, көп. Халқымыз "Жақсыны ісінен таны" деген. Сіздер қазақтың мейірбан ұлт екенін іс жүзінде көрсетіп жүрсіздер. Баршаңызға мәлім, мен Мемлекет басшысы ретінде еріктілер қозғалысына ерекше мән беремін", - деді Тоқаев.

Қазір еліміздегі волонтерлердің саны 300 мыңға жетті.

"Қазақстан "волонтер боламын, қоғамдық іспен айналысамын" деген әрбір азаматты қолдайды. Қазір елімізде 1 ұлттық және 20 аймақтық фронт-офис табысты жұмыс істеп тұр. Еріктілердің саны да артып келеді. 2020 жылы Қазақстанда 50 мың волонтер бар еді. Қазір олардың қатары 300 мың адамға жетті. Елге пайдалы жұмыспен айналысатын ұйымдардың саны төрт есеге жуық өсіп, 800-ден асты. Қазір еріктілеріміз экология, білім, мәдениет және басқа да салалар бойынша маңызды бастамалар көтеріп жүр. Соның ішінде "Жас ағаш", "Эко бақылау", "Білім волонтерлері" жобаларын ерекше атап өтуге болады. Осындай іс-шараларға 100 мыңға жуық ерікті қатысты. Әр бастаманың елге, қоғамға берер пайдасы мол. Мен өздеріңіз сияқты жасампаз жастарға зор үміт артамын. Біз бәріміз бір ел болып, ауқымды шаруа атқардық. Енді тоқтамай, тек алға қарай жүру үшін заман ағымына сай болу өте маңызды. Сондықтан еріктілер қозғалысын дамытуға қатысты бірнеше өзекті міндетке тоқталайын", - деді Президент.

  

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget