- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Еліміздегі шипажайлар халыққа...
Еліміздегі шипажайлар халыққа қолжетімді ме?
Елімізде 180-ге жуық шипажай бар. Оның 42-сі мемлекетке тиесілі. Курорт ұйымдардың саны бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Massaget.kz тілшісі еліміздегі шипажайларға шолу жасады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ел аумағында 172 санаторлы-курорттық ұйым бар, оның ішінде 109 санаторий, 27 оңалту орталығы, 9 профилакторий, 7 мамандандырылған және басқа да санаторийлер.
Сауықтыру ұйымдарының басым бөлігі жеке бизнеске тиесілі - 127, мемлекетке - 42, шетелдік меншікте - 3.
Бурабайдағы "Оқжетпес" шипажайы
"Оқжетпес" емдеу-сауықтыру кешенінде ең арзан бөлме - 55 теңге. Ал ең қымбаты - 140 мың теңге. Мұнда 6 адамға арналған VIP үйдің құны - 280 мың теңге. Баға туралы толығырақ мына сілтемеде.
Мұнда арнайы емдік дене шынықтыру, арнайы тұз шахтасы мен жолдама құнына кіретін медициналық қызметтер көрсетіледі:
- дәрігерлер кеңесі;
- аппарат-физикалық терапия;
- озокерит бастырмалары;
- "майбалық" минералды суымен қызыл иекті стоматологиялық сулау ;
- сумен емдеу;
- бальнеологиялық емдеу;
- шөппен емдеу;
- қымызбен емдеу және тағы басқалары.
"Сарыағаш" шипажайы
Егер Бурабайда ем алу қымбат десеңіз, сізге "Сарыағаш арасаны" емдеу-сауықтыру кешенін ұсынамыз. Мұнда демалу бір тәулікке 10 мың теңгеден басталады. Стандарт бөлмелер 16 мың теңгеден, ал 2 бөлмелік VIP люкстің құны - 22 мың теңге.
Мұнда бальнеотерапия, гидротерапия мен физиотерапия алу мүмкіндігі бар. Емдеу жолдамасын алу, басқа да ақпарат білу үшін мына сілтемеге өтіңіз.
Алакөлдегі "Барлық" шипажайы
Алакөлдегі "Барлық" шипажайы тек жаз маусымында ғана жұмыс істейді. Маусымда 2 адамға арналған бөлменің құны 11 мың теңге болса, 1 адамға арналған бөлме 12 мың теңге болады. Ал шілдеде баға өседі: 2 адамға арналған бөлме 12500 теңге, 1 адамға арналған бөлме 13 мың теңге тұрады. Баға туралы қосымша ақпарат мына сілтемеде.
Бұл бағаға 4 мезгіл тамақтану мен емдік ванна кіреді. Сондай-ақ қосымша қаражатқа басқа да емдеу шараларын алуға болады.
"Сосновый бор" шипажайы
"Сосновый бор" шипажайының бір ерекшелігі – қарағай орманы. Шипажайда арнайы жолдамалар бағасы маусымға қатысты өзгеріп отырады. Мәселен, қаңтар-мамыр, қыркүйек-желтоқсан аралығында жолдама құны 45 мың теңге, ал жазда 51 мың теңге. Бұл – жартылай люкс бөлменің бір тәулікке арналған құны. Ал ең арзан баға – 7 200 теңге. Бұл – екі бөлмелі төрт адамдық бөлменің құны. Бөлмелердің бағасы туралы қосымша ақпарат мына сілтемеде.
Мұнда сумен, балшықпен, физио, озокерито-парафинмен емдеу шаралары, сондай-ақ ингаляция арқылы емдеу процедуралары бар.
Еске салайық, бұған дейін шипажайға тегін жолдаманы кімдер ала алатыны туралы мақала жариялаған едік.
- ардагерлер;
- саяси қуғын-сүргіндер құрбандары;
- жасына байланысты зейнетке шыққан зейнеткерлер;
- бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Бөлек