Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстандағы зейнетақының орташа мөлшерін жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2024 жылы республикалық бюджеттен 3 триллион 752,1 миллиард теңге зейнетақы төленсе, оның 1 триллион 182,3 миллиард теңгесі базалық зейнетақыны төлеуге, қалған 2 триллион 569,8 миллиард теңгесі ынтымақты зейнетақыға бөлінген.
2025 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 миллион 451 мың адамды құрайды.
"2024 жылғы желтоқсанда орташа зейнетақының жалпы мөлшері 131 356 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы 88 819 теңгені және базалық зейнетақы 42 537 теңгені қамтиды", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2024 жылдың қараша айында орташа жиынтық зейнетақы 131 556 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы - 88 967 теңге, базалық зейнетақы - 42 589 теңге.
Еске салайық, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2025 жылы ең төменгі жеткіліктілік шегі өзгеріссіз қалатынын хабарлаған еді. Сондай-ақ зейнетақы қорындағы жинағының бір бөлігін алған қазақстандықтар оны қандай мақсатта қолданып жатқанын зерттеп білген едік.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Д. Литпин