Көлік министрі Марат Қарабаев биыл Қазақстандағы ең ұзын көпірдің құрылысы аяқталатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Бұл жоба Кеңес одағында және тәуелсіздік уақытында ұзақ талқыланды. Жалпы Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір салу 60 жылдан аса уақыт бойы талқыға салынды. Биыл Қазақстандағы ең ұзынды көпірді іске қосамыз. Президент сол жобаны іске асыруға тікелей тапсырма берді", - деді Марат Қарабаев.
Оның айтуынша, нысан Қазақстандағы ең ұзын көпір болады.
"Көпірдің ұзындығы – 1 шақырым 316 метр. Нысанның екі жағында көпірге қосылатын 20 шақырымда жол болады. Нысан республикалық бюджеттің қаржысы есебінен салынады. Кейін көпір жергілікті атқарушы органға беріледі. Биыл көпірдің құрылысын толық бітіреміз", - деді министр.
Ведомство басшысы бүгін көпірдің болмауынан халық жолдың машақатын тартып жүргенін атап өтті.
"Бүгінде ондағы халық (тиісті жерге бару үшін Бұқтырма су қоймасынан) паром және айналма жол арқылы өтіп жүр. Қыста айналма жолға 6 сағат уақытын жұмсайды. Паромнан өткенде бірнеше апатты жағдай да болды. Адамдардың, көліктің суға түсіп кету жағдайы тіркелді. Енді мұның барлығы болмайды. Ел арасында байланыс күшейеді, Марқакөлге баратын жол айтарлықтай қысқарады", - деді министр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!