Желіде Қазақстандағы дәмханалардың бірінде чекте жалпы сома теңгемен және рубль көрсетілгені туралы ақпарат тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қазір ғана пицца дайындайтын дәмханада болдым. Бұл - ресейлік франшиза. Шот сұрадым, маған чек әкелді. Онда жалпы сома теңгемен де, рубльмен де көрсетілген. Бұл не деген бассыздық?! Біз өз ұлттық валютасы бар тәуелсіз мемлекетте өмір сүреміз. Қазақстанда тек теңге валютасын қолданамыз. Неге чекте рубль көрсетіледі? Мен бұған түбегейлі қарсымын. Біз рубльді қолданбаймыз", - деді желі қолданушысы.
Бұған қоса, чекте рубльмен көрсетілген жалпы сома теңгемен көрсетілген сомадан арзанырақ екені байқалады. Желі қолданушылары ресейліктер "өз адамдарына жеңілдік" істеп жатқанын жазған.
Massaget.kz тілшісі бұл мәселеге қатысты Мемлекеттік кірістер комитетіне сауал жолдады.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті әлеуметтік желілердегі (TikTok) видеоға қатысты құзыреті шегінде пікір білдірді.
"Видеода көрсетілген "қонақ шоты" ҚР заңнамасында белгіленген БКМ (Бақылау-касса машинасы) чегі емес. Сонымен қатар, ҚР Салық кодексіне сәйкес сатушы тауардың, жұмыс пен қызметтің төленген сомасы үшін БКМ чегін беруге міндетті. Бұл ҚР Салық кодексінің 166-бабында көрсетілген", - делінген жауапта.
Комитет қызметкерлерінің айтуынша, Бақылау-касса машинасының чегі мынадай ақпаратты:
1) салық төлеушінің атауын;
2) салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірін;
3) бақылау-касса машинасының зауыттық нөмірін;
4) бақылау-касса машинасының салық органындағы тіркеу нөмірін;
5) чектің реттік нөмірін;
6) тауарларды сатып алу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету жасалған күн мен уақытты;
7) тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің бір бірлігі үшін бағасын;
8) фискалдық белгіні;
9) деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарының бақылау чегінің төлнұсқалығын тексеру үшін фискалдық деректер операторының атауын және фискалдық деректер операторы интернет-ресурсының деректемелерін;
10) тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің атауын;
11) сатып алынатын тауардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің санын, олардың өлшем бірлігін;
12) тауарды, жұмысты, көрсетілетін қызметті сатудың жалпы сомасын;
13) егер салық төлеуші қосылған құн салығын төлеуші болып табылса – тауарларды, жұмыстарды, көрсетілген қызметтерді өткізу бойынша, қосылған құн салығы салынатын айналымдар жөніндегі мөлшерлемені көрсете отырып, қосылған құн салығының сомасын;
14) бақылау-касса машинасы пайдаланылатын жердің мекенжайын;
15) бақылау-касса машинасының чегі туралы ақпаратты кодталған түрде қамтитын штрих кодты қамтуға тиіс.
Ал шоттағы рубль валютасының көрсетілуіне қатысты комитет қызметкерлері дәмхана қызметкерлеріне қандай жаза көзделетінін айтты.
"Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" ҚР Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының ақша бірлігі (ұлттық валюта) - Қазақстан теңгесі (ҚР ҰБ ҚРЗ 38-бабы). Ал БКМ қолдану кезінде қойылатын талаптарды сақтау салық төлеушінің міндеті.
Бұдан басқа, "Әкімшілік құқықбұзушылық туралы" ҚР Кодексіне сәйкес БКМ қолдану тәртібін бұзғаны үшін"Әкімшілік құқықбұзушылық туралы" кодексінің-бабы бойынша әкімшілік жаза қарастырылған", - делінген жауапта.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз