- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Еліміздегі Аналар үйінде...
Еліміздегі Аналар үйінде қандай жағдай жасалған?
Бүгінгі таңда Қазақстанның 18 қаласында 21 Ана үйі жұмыс істейді. Астанада екі, Алматыда үш Ана үйі бар. Бұдан бөлек, өзге өңірлерде, қазіргі таңда шетелден, Украина мен Өзбекстанда 2 Ана үйі ашылған. Massaget.kz тілшісі еліміздегі Ана үйлерінде қандай жағдай жасалған, қанша ана мен бала тәрбиеленіп жатқанын анықтады.
"Ана үйі" жобасы 2013 жылы өз сәбиінен бас тартудың алдын алып, жетімдікті азайту мақсатында құрылған болатын. Жоба қызметін атқарған 10 жылдан астам уақыт ішінде 7000-нан астам әйелге атаулы әлеуметтік көмекті дер кезінде көрсетіп, перзенттерінің балалар үйіне түспей, өз отбасында қалуына себепші болған. Бүгінгі таңда "Ана үйі" елдегі аналардың жаңа туған сәбилерінен бас тартуының 69%-ның алдын алды. Сондай-ақ балалар интернаттарынан 2000-ға жуық бала туған отбасына қайтарылды. Мұнда жас аналарға, жалғызбасты қыз-келіншектерге материалдық көмек, психологиялық, құқықтық кеңес беріледі.
Жобаны кім қаржыландырады?
Ана үйлерін қазақстандық кәсіпкерлер – меценаттар қаржыландырады. Әрбір меценат Қазақстанның әртүрлі қалаларындағы бірнеше Ана үйін немесе бір Ана үйіне бірнеше меценат қаржылай көмек көрсетеді. Меценаттардың жалпы саны - 26, оның екеуі – компания.
Бүгінде 4228 жетім бала мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала ата-аналарын балалар үйінде күтуде.
Жобаның он бір жылдық жұмысы бойынша 7130 бала өз аналарымен қалып, балалар үйіне түскен жоқ. Ұлттық бала асырап алу агенттігінің көмегімен 1 936 бала қазақстандық отбасыларға орналастырылды.
2 148 әйел жаңа жұмыс орнын тауып, 2 126 ананың құжаты қалпына келтірілді, 1 150 әйел кәсіптік курстардан өтіп, 864 әйелге арнайы медициналық көмек көрсетілді.
Орталық қанша жасқа дейін қабылдайды?
Орталық 30 жасқа дейінгі аналарды 1,5 жасқа дейінгі баламен қабылдайды. Сондай-ақ мұнда жүктіліктің соңғы айларындағы аналар да келе алады. Аналар орталықта 3-6 айға дейін ғана тұра алады. Бірақ адами факторларға, кейбір жағдайларға қарап, басшылықпен сөйлесу арқылы кейде уақытын созуға болады.
Орталық аналарды жатын орын, тамағын, балалардың жөргектері, қажетті барлық заттармен тегін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ қыз-келіншектер қоғамдағы "Ана үйінде" қажет мамандықтарды меңгеріп, арнайы курс оқып шығады. Атап айтқанда, тігінші, шаштараз, тырнақ күтімінің мастері, массажист, сондай-ақ әртүрлі тілдерді үйреніп шығады. Мамандықтар әр ананың икемі мен қызығушылығына байланысты таңдалады.
Құрылтайшылардың қолдауының арқасында қор халықаралық бағытта әлеуметтік жетімдікті азайту және бүкіл әлем бойынша балалар үйіндегі балалардың санын қысқарту мақсатында бүгінде Өзбекстан мен Украинадағы орталығын ашты. Сонымен қатар Малайзияда филиалдарды тіркеу процесі жүріп жатыр. Ал Түркия мен Әзербайжан сияқты бірқатар басқа елдерде де жобаны іске қосу мүмкіндігі талқыланып жатыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жайыққызы