- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Еліміздегі 16 қалада...
Еліміздегі 16 қалада медициналық еріктілер мектебі ашылды
Қазақстанда аналогы жоқ бірегей жоба жүзеге асырылуда. Ол – медицина саласында еріктілерді дайындауға арналған мектеп. Нақтырақ айтсақ, медициналық еріктілер мектебі. Оны қолға алған – "Қазақстанның медициналық жастары" республикалық қоғамдық бірлестігі.
Бірлестік мұндай медициналық мектептерді ашу идеясын "Qolda 2.0" шұғыл көмек бағдарламасы аясында қолға алып, қазір Қазақстанның барлық облысында ашып жұмыс жүргізуде. Мұндай мектеп алғаш 2020 жылы 16 қарашада Шымкент қаласында ашылған.
Қазіргі таңда Шымкент, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Орал, Қарағанды, Қостанай, Көкшетау, Петропавл, Павлодар, Өскемен, Семей, Талдықорған, Тараз, Түркістан және Қызылорда қалаларында дәл осындай мектептер ашылған.
Жобаның басты мақсаты – Шымкент пен елдің 14 облысындағы медициналық жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін денсаулық сақтау саласындағы еріктілер санын көбейту мақсатында біріктіру.
"Қазақстанның медициналық жастары" республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абылайхан Әбдірәштің айтуынша, мұндай мектеп медицина саласында ерікті болғысы келген жандарға денсаулық әліппесін, адамға көмектесудің медициналық амалдарын үйретеді.
"Қазіргі таңда әр қалада еріктілер мектебінде 30-35 адамнан оқып жатыр, ал Семей қаласында 120 білім алушы тіркелген. Республика бойынша медициналық еріктілер мектебінде оқып жатқан студенттердің саны 600-ге жетіп отыр. Медициналық еріктілерге арнап арнайы онлайн-тренингтер ұйымдастырдық. Медициналық еріктілер мектебінің қатысушыларына қарым-қатынас кезіндегі шектеулер мен мәдени нормалар түсіндірілді. Тренинг барысында медициналық еріктілер дәрігерлер көрсеткен жаттығулардың арқасында коммуникация дағдыларын үйренді", - дейді Абылайхан Әбдірәш.
Мектеп медицина саласындағы еріктілердің басын қосып, оларға халықаралық медеріктілердің тәжірибесін үйретіп, жоғары білім бермек. Медицина саласының үздік мамандары тренингтер мен шеберлік сыныптарын өткізеді.
Мектептегі оқыту бағдарламасы келесі бағыттарға бөлінген:
- медициналық ұйымдарға ерікті көмек көрсету;
- халықтың медициналық сауаттылығын арттыру;
- алғашқы көмек көрсетуге үйрету;
- халық арасында донорлықты насихаттау;
- халықтың денсаулығын нығайту және COVID-19 профилактикасын жүргізу.
Сәуір айында медициналық еріктілерді оқытудың соңғы блогы өтеді.
ТМД елдерінің еріктілер қозғалысының жетекшілері бірігіп 2021 жылдың 25-26 ақпанында халықаралық вебинар өткізді. Шараға Қазақстанның барлық аймақтары қатысты.
Медициналық еріктілер аймақтарда орналасқан медициналық мекемелерге белсенді түрде көмек көрсетуде. Медицина қызметкерлері үшін осы қиын кезеңді жеңілдету мақсатында медициналық еріктілер науқастарды күтіп, карантинде жатқан науқастарға дәрі-дәрмектерді жеткізуге көмектесіп жүр.
Пандемияның басталуымен медициналық еріктілер қажеттілігі сезіле бастағанын атап өткен жөн. Коронавирустық инфекциясымен күресте алдыңғы қатарда тұрған емдеу-профилактикалық мекемелер медициналық еріктілерді оқыту мен нұсқаулық беруге уақыттарын және басқа да ресурстарын жұмсады. Осыған байланысты қазіргі уақытта медициналық еріктілерді алдын-ала дайындаудың қажеттілігі туындайды.
Анықтама.
Орталық Азияның Еуразия Қоры (ОАЕҚ) – 2005 жылы аймақта құрылған үкіметтік емес ұйым. ОАЕҚ жергілікті қауымдастықтарды нығайту мен азаматтық және экономикалық әл-ауқатын жақсарту арқылы, азаматттардың өз болашағын құруда белсенді қатысуға көмектесу үшін қоғамдық және жеке ресурстарды жұмылдырады.
Қ. Слямбек