Демограф Аяулым Сағынбаева DOPE SOZ youtube-арнасына берген сұхбатында ЛГБТ мен екінші әйел алу мәселесінің демографияға әсері туралы сөз қозғады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, елімізде туу көрсеткіші төмендеп бара жатыр.
"Біріншіден, әлем бойынша ЛГБТ саны 4 пайызды құрайды. Екіншіден, әйелдер ғана бала дүниеге әкеледі ғой. Қазір әртүрлі жолдармен баланы дүниеге әкелуге болады. Бұл петицияны қолдамаймын да, қарсы да емеспін. Туу көрсеткіші төмендеп бара жатқаны анық. Бірақ бұл ЛГБТ қауымдастығының көбеюінен деген сөз емес. Екінші әйел алу да даулы мәселе. Бірақ көпәйел алу мен ЛГБТ қоғамы туралы даулар басы да аяғы да жоқ мәселе. Ешуақытта бұл екі мәселе шешімін таппайды. Өйткені қоғамның көпшілігі қарсы болды деп ЛГБТ қауымдастығы жоқ болып кете алмайды немесе екінші әйел алатындар да солай. Біз бұл жерде әйел мен бала құқығының қорғауы туралы айтуымыз керек. Себебі екінші әйел бала дүниеге әкелетінін ұмытпау керек. Дінде төрт әйелге рұқсат берген. Алайда бәрінің жағдайы тең болуы тиіс. Сондықтан қазіргі таңда бәйбіше мен екінші әйелдің жағдайы тең бе деген сұраққа мән беруіміз керек", - деді демограф.
Сондай-ақ, демограф екінші әйел сыйлауға қарсы екенін білдірді.
"Қазір екінші әйел сыйлау деген сәнге айналды. Мұның өзі де дұрыс емес. Бірінші кезекте әйел - адам. Екіншіден, тоқалдыққа барған әйелдердің заң жүзінде ертеңгі күні құқығы қорғалмайтынын білу керек. Үшіншіден, баланың тәрбиесі жүйеге қойылмайды. Көбінесе әкелері заңды тіркелген некеден туған балаларының қасында көбірек болады. Біздің қоғам бұрын толерантты болған шығар, қазір олай емес. Қазақстанның демографиялық, экономикалық дамуында бірінші орынды қазақтар алады. Осы тұрғыдан алғанда қазақ қоғамы толерантты емес. Мұның барлығы баланың сана-сезімінде үлкен трамваға әкеледі. Айналып келгенде суицид, зорлық-зомбылық осыдан шығады", - деді ол.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!