- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Елімізде сатушылар қазақ...
Елімізде сатушылар қазақ тілінде қызмет көрсетуге міндеттелуі мүмкін
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстанда тұрғындар мемлекеттік тілде қызмет алуға құқығы барын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін Мәжілісте тұтынушылардың құқығын қорғауды көздейтін заң талқыға салынды.
Депутат Ринат Зайытов кәсіпкерлер арасында қазақ тілінде қызмет көрсетуге қатысты мәселе барын ашық айтты.
"Қоғамда тілге қатысты проблема бар. Қарапайым мысал келтірейін. Тұтынушы бір жерге келеді де: "Сен неге маған мемлекеттік тілде қызмет көрсетпейсің?" дейді. Міне, осыдан дау шығып, қоғам шулайды. Өйткені Конституциядан басқа жерде мемлекеттік тілдің мәртебесі анықталмаған. Бұл мәселені көтергіміз де келмейді. Сондықтан заңда "Кез келген Қазақстан аумағындағы орындаушы және сатушы бірінші кезекте мемлекеттік тілде қызмет көрсетуге міндетті" деп нақты жазылуы керек. Бұл жайт менің намысыма тиеді", - деді Ринат Зайытов.
Министр Арман Шаққалиев жоғарыда аталған заң жобасында қазақ тіліне қатысты норма барын атап өтті.
"Мысалы, сіз қазақ тілінде қызмет алғыңыз келсе, сізге міндетті түрде қызмет көрсетеді. Егер олай болмаса, тұтынушы ретінде арыз жазатын құқығыңыз бар. Екінші оқылымға дейін бұл мәселені қайта қараймыз", - деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ тұтынушылар мемлекеттік тілде қызмет алуға құқығы барын атап өтті.
"Ринат Зайытов тұтынушы мемлекеттік тілде қызмет алғысы келсе, оған сол тілде қызмет көрсетілу керегін айтты. Ол дұрыс айтып отыр. Бізде тілге қатысты ешқандай кемсітушілік, шектеу жоқ. Электронды саудада барлық қызмет мемлекеттік тілде қолжетімді емес деген мәселе көтерілді. Сондықтан оны тұтынушы пайдалана алмайды. Неге ол қиналуы керек? Ол өзекті ақпаратты уақытында алуы керек. Осыған байланысты біз Конституцияға сәйкес тілге қатысты заң сақталуы керек деп айттық", - деді Арман Шаққалиев Мәжілістің жалпы отырысынан соң.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Есен