Елімізде неге филиппиндік бала күтушіге сұраныс артты

Елімізде неге филиппиндік бала күтушіге сұраныс артты
Фото: depositphotos.com

Қазіргі таңда бала күтушілердің сұранысы артып тұр. Өйткені балабақшаға баланы орналастыру қиын. Жұмыс істейтін ата-аналар баласын қайда қалдырарын білмей, амалсыз бала күтушінің көмегіне жүгінеді. Massaget.kz тілшісі еліміздегі бала күтушілердің нарықтағы бағасы мен сұранысына талдау жасады.

Бала күтушілердің нарықтағы бағасы қандай?

Жұмыс іздеушілерге арналған хабарландыру сайтында бала күтушілердің бағасы әртүрлі. Алматы қаласы бойынша оларға жұмыс ұсынғандар жарты күнге 150 мыңнан бастап, толық жұмыс күні үшін 350-400 мың теңгеге дейін төлеуге дайын. Талабыңыз бен таңдауыңызға байланысты баға да өзгере береді. 

Мәселен, жоғарыдағы жұмыс ұсынушылардың талабы бойынша бұл жұмысқа тәжірибесі мол бала күтуші керек. Жұмыс дүйсенбі-жұма таңғы 8-ден кешкі 18:00-ге дейін. Бала күтуші баланы тамақтандыру, ойнатудан бөлек, далаға серуендетуі және ойыншықтарын жинап, гигиенасына жауапты болады. Кейбірі зейнетақы жарнасын төлеуге дайын екенін жазған. 

Алты күндік жұмыс күніне 300 мың теңге ұсынған жұмыс беруші бірнеше талаптар қойған. Балаларды мектепке, балабақшаға апарып-әкелуден бөлек, үйде тамақты дәмді істеу, киім үтіктеу, балалардың бөлмесін тазалау, т.б. секілді үй шаруасының қызметтерін де осы міндетке қосқан.

Ал мына хабарландыруда жұмыс беруші баланы мектепке апарып-алып келу үшін жарты күнге 70 мың теңге ұсынып отыр.  

Филиппиндік қызметкерлерге неге сұраныс артты?

Бала күтушіге деген сұраныстың көпшілігінен оларға жұмыс тауып берумен айналысатын агенттіктер де көбейген. Әсіресе қазіргі таңда халықтың сұранысы филиппиндік күтушілерге артқан. Арнайы агенттіктер филиппиндік жұмыс іздеушілер мен бала күтуші іздегендерді бір-бірімен байланыстырып, біріне жұмыс, біріне іздегенін тауып береді. Бұл қызметке арнайы ақы алады. Мәселен, мына агенттік 2012 жылы құрылған, кеңсесі Астанада орналасқан. Талабыңыз деп талғамыңызға қарай тұрған қалаңыздан да тауып беруге дайын. 

Филиппиндік қызметкерлердің ақысы - 800 доллар (386 323 теңге). Бала күтуші, аспаз, үй тазалаушы, тіпті жасына дейін таңдап алуға болады.

 Агенттіктен сұрап білгеніміздей, күніне 11-12 сағат жұмыс істейтін бала күтушісі түскі үзілісте бір сағат және аптасына 1 күн демалыс алады. Егер басқа қалада болсаңыз, олардың ұшып-қону билетін, 1 жылға арналған визасын, медициналық анализдерін, басқа да қажеттіліктерін агенттік төлейді. Бұл үшін агенттікке 4500 доллар (2 173 069 теңге) төлесеңіз болғаны, таңдауыңыз орындалады. Қызметкер ұнамай қалса, ауыстыруға болады.

"Отбасындағы әңгіме сол жерде қалатыны жақсы"

Қазақстандықтардың ішінде филиппиндік бала күтушілерге сенім артып, қызметіне жүгінгендер жетерлік. Астана қаласының тұрғыны Сандуғаш көпбалалы ана, бүгінде 4 баласы бар. Филиппиндік бала күтушісін таныстарының ұсынысымен алған. Қазақтарға қарағанда бағасы қымбат болғанымен қызмет етуі де соған сай екенін атап өтті.

"Жұмыс пен үйдің тірлігіне үлгермеген кезде бала күтуші алып көргім келді. Күйеуім екеуміздің жеке компаниямыз бар, кәсіппен айналысамыз. Сосын бала күтуші іздеп біраз жүрдім. Қазақ апайды алған едік, алайда балаларыма жекіп сөйлеп, әрі жұмысын тек ақша үшін істеп жүргенін байқап қалдық. Тиянақты емес. Одан кейін жас орыс қызды алған едік. Алайда балалармен сөйлеспей, өзі телефон қарап отыратынын жиі байқап қалдық. Балалар да ұнатпады. Таныстарымның ұсынуымен филиппиндік күтушіге таңдауым түсті. 6 ай болды, әзірге бәрі ұнап жатыр. Бұрынғыдай балаларыма алаңдамаймын, себебі оларды өзі тамақтандырады, мектептен уақытында әкеледі, киім-кешегі түгел, балалар жақсы көретін істерімен айналысады, ойнайды, сосын ұйықтауға жатады. Атап өтетін жайт - филиппиндік күтуші әр балама ыңғайлы қарым-қатынас жасайды, олармен тез тіл табысып кетті әрі ұнады. Тағы бір артықшылығы - екінші қызымды бұған дейін ағылшыннан репититорға беретінбіз, қазір филиппиндік күтушімен ағылшынша тез үйреніп жатыр. Көпшілігі филиппиндік күтушіні таңдағаныма таңғалып жатады. Басқа тіл, басқа менталитет деп қорқады. Алайда сенімді түрде компаниямен келісім-шарт жасасаңыз бәрі жақсы болады. Негізі отбасындағы нәрсе іште қалу керек қой. Бәрібір таныстың танысы болады, әңгіме қылады деген сияқты ғой. Филиппиндік күтушінің бір ерекшелігі - біздің тілімізді түсінбейді, не қазақша не орысша білмейді. Отбасымда қандай жағдай болып жатса да, сол жерде қалады. Бұл мен үшін маңызды ережелердің бірі еді", - деді ол.

"Бала күтушісін дайындайтын орталық ашу керек"

Ал Эльмира 5 жастағы аутизм диагнозы қойылған баласына күтушіні ұзақ іздеген. Оның айтуынша, елімізде бала күтушілерін дайындайтын орталық ашу керек.

"Шындығын айту керек, балама бала күтуші табу қиынға соқты. Себебі ауру баланы ешкім баққысы келмейді. Негізгі жұмысым онлайн, сату менеджері болып қызмет атқарамын. Кей кезде күтушінің қасында отырып, балама көмектесемін. Соның өзінде бағып-қағуы, жанашырлық танытуы қиын. Сосын баламен тең сөйлеспей, ауру секілді мүсіркеп қарайды. Ал балам мұның бәрін сезеді, мұндай көзқарасқа ашуланады. Біздің ерекше балалардың аналарымен араласатын ортамыз бар. Солардың ішінде 2-3 танысым филиппиндік күтушілерді алғанын айтып, мақтады. Мен де солардың берген байланыс нөмірімен хабарласып, бір жылдан бері филиппиндік күтушімен жұмыс жасап келе жатырмын. Жұмысы тиянақты, баламмен жақсы тіл табысады. Бастысы - балама кәдімгі адам секілді қарап, тең сөйлеседі. Үнемі күліп жүреді, сенің еш тірлігіңе араласып, ақыл айтпайды. Негізі біздің елге бала күтушілерді дайындайтын орталық ашу керек. Себебі бала күтушіге кез келген адамды ала алмайсың. Біз секілді ерекше балалары бар ата-аналарға қиын. Кімнің психикасы қандай, дұрыс адам ба - тани алмаймыз. Қазір екінің бірі педагог, психолог дипломын алып кетті ғой. Осы ретте сондай бір бала күтушілерді дайындауды ұсынар едім. Бұл өздері үшін табыс көзі болса, біз үшін де тиімді болары сөзсіз. Қашанғы өзге елдің азаматшасына телміріп отырамыз?", - деді ол.

Шоу-бизнес өкілдері де филиппиндік күтуші жалдайды

Филиппиндік бала күтушілердің көмегіне отандық шоу-бизнес өкілдері де жүгінеді. Мысалы, актриса Жәния Джуринская шетелдік бала күтушінің визасы мен ұшып келуі үшін агенттікке 2 миллион бергенін, ал ай сайын 900 доллар (427 737 теңге) жалақы төлейтінін жазған. Актриса баласына қарайтын адамды әріптесі Луина ұсынғанын айтты. Оның айтуынша, Луина да филиппиндік бала күтуші жалдаған.

 

"Үйде бәрі ағылшын тілін білгенін қаладым. Бала күтушінің жалақысын естіп, әлеуметтік желіде бәрі "құтырған" деп жатыр ғой. Алайда ол бала күтушімен қатар, үй шаруасына да көмектеседі, аспаз да болады. Осылайша, үш адамның тірлігін атқарады. Маған солай өмір сүрген ұнайды", - деп жазды ол.

Ал блогер Карина Оксукпаева баласының денсаулығына алаңдағандықтан филиппиндік бала күтушісін жұмыстан шығарған болатын.

"Біз бала күтушіні жұмыстан шығарып жібердік. Бұл өмірімдегі ең сәтсіз тәжірибе болғанын жасырмаймын. Балам ауырып жатқандықтан отбасымызбен анализ тапсыруға мәжбүр болдық. Бірақ үйдегі филиппиндік бала күтуші әйелдің реакциясы түсініксіз болды. Анализ тапсыру үшін көлік жүргізушісін жібергенде "менің ұйқым қанбады, есі дұрыс адамсыңдар ма?" деп жауап берген. Сөйтіп, филиппиндік әйел ашуланып, қарсы тараппен келісімге келе алмадық. Сондай мейірімді әйелден ашулы адамға қалай айналып кеткенін түсінбедім", - деп видео үндеу жасады Карина Оксукпаева.

"Бала күтушімін" деп айтуға ұяламын"

Қазіргі кезде трендке айналған филиппиндік күтушілер қай жағынан да озып тұрғаны анық. Алайда бала күтуші болып қызмет атқарып жүрген қаракөздердің ішінде кейбірі мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмай, нәпақасын осы қызметтен көріп жүргендер де бар екеніне көзіміз жетті. 

33 жастағы Айнұрдың негізгі мамандығы - заңгер. Атағы ат үркитін Алматыдағы беделді университеттің заң факультетін бітірген. Алайда бірнеше ай мамандығы бойынша жұмыс іздеп таппаған ол бастапқыда әртүрлі қызметтермен айналысқан. Соңғы үш жылда тұрақты түрде бала күтуші болып қызмет атқарып келеді.

"Өзімнен кейінгі бауырларым бар, олар кішкентай. Анам зейнеткер, әкем арбаға таңылған, жұмыс істеуге денсаулығы жарамайды. Артымнан ерген сіңлім жоғары оқу орнында, ақылы бөлімде оқып жатыр. Оқу ақысын төлейтін кезде қаражат жағынан қиналып қаламыз. Таныстарымның арқасында қазір жарты жылдан бері бір отбасының 2 баласын бағып отырмын. Әкесі мен анасы жұмыс істейді, таңертең кетіп, кеш келеді. Ата-анасы келгенше балаларды тамақтандырып, ойнатып отырамын. Біреуі 3-те, екіншісі 5-те. Балабақшаға бармайды. Сол үшін үйден тамақтандырамын, үйдің шаруасын да атқарамын. Тіпті кешкі ас та дайындап қоямын. Үш жылдан бері тәжірибелі болдым. Алғашқыда жұмысқа тұрғанымда қиналатынмын. Баланың тілін табу оңай емес қой. Қазіргі бағып жатқан балалар тіл алғыш, зейінді. Олармен тез тіл табысып кеттім. Ата-анасының да көңілінен шыққан секілдімін. Осы қызметім үшін айына 350 мың теңге жалақы аламын. Көпшілігі мұндай жұмыс істеуге арланады ғой. Бірақ еңбекпен тапқан әр істің сөкеттігі жоқ секілді. Шыны керек, жігіттермен танысқан кезде, туыстарыма "бала күтушімін" деп айтуға ұяламын. Әзірге сіңлілерім оқу бітіргенше осы жұмыста істей тұрамын. Кейін бір реті болар. Болашақта бұл салада жұмыс істемейтінім анық", - деді ол.

Қалай десек те, бала күтушілердің бәсі нарықта төмендемесі анық. Алдағы уақытта сұраныс артуы да мүмкін. Жоғарыда айтқанымыздай, мемлекеттік балабақшаға орналастыру қиын, ал жекеменшік балабақшалар бір балаға өте қымбат баға ұсынады. Көпбалалы ата-аналар үшін бала күтушісін жалдап, балаларды үйде ұстаған тиімді болып отыр. Дегенмен осы орайда елімізде бала күтушілерге арнайы талап қойып, ережесін бекітсе құба-құп. Қанша дегенмен баламен жұмыс істейтін қызметкердің жалақысына білімі де сай болса, ата-ана да қуанатыны анық, күмән де азаяр еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы