Елімізде қар барысы азайып кеткені рас па?

Елімізде қар барысы азайып кеткені рас па?
Фото: pixabay

Елімізде қорғауға алынған барыстар саны азайып кеткен бе? Energyprom жақында барыстардың азайғаны туралы ақпарат таратып, көпшіліктің ашуын тудырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұдан бес жыл бұрын республикадағы қар барысының саны 223 болатын. Қар барысы мекендейтін аймақтардың көпшілігі - шекаралас аумақтар. Жыртқыштар Қытайға, Қырғызстан мен Ресейге ауып кетуі мүмкін, - делінген Energyprom зерттеуінде.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Energyprom.kz мониторингтік агенттік ұсынған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтқан болатын.

Зоология институтының санағына сәйкес Қазақстандағы қар барыстарының саны бүгінгі таңда 180-нен асқан.

Институт жыл сайын барыс популяциясына мониторинг жүргізеді. Мамандар олардың саны, жас құрамы туралы ақпарат алады. Сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру арқылы барыстың қауіп-қатерін, жаңа мекендеу орындарын анықтайды.

"Зоология институты" РМК Қар барысы мониторингі орталығының басшысы Алексей Грачев Ұлттық статистика бюросының санау жүйесінде қандай да бір қате немесе техникалық ақау болуы мүмкін деп болжады. Ол елде барыстардың көбірек екеніне сендірді.

"Зоология институтының соңғы мәліметтері бойынша, барыстардың саны 141-ден 183-ке дейін көбейген. Бұл былтырғы жылдың деректері. 2023 жылға арналған материалдарға талдау жүргізіліп жатыр", - дейді Алексей Грачев.

Ол елімізде барыстардың саны өсіп жатқанын айтып, дегенмен азайып кетуіне қауіп барын жеткізді.

БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму бағдарламасының және ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің қар барысын сақтау жөніндегі ауқымды бастамасы бойынша 10 қар барысына спутниктік таратқыштар орнатылған.

Жасұлан Ордабаев

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz