Елімізде қанша қазақ тілді және орыс тілді мектеп бар?

Елімізде қанша қазақ тілді және орыс тілді мектеп бар?
Фото: Pixabay

Тамызда премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында жаңа оқу жылына дайындық мәселелері қаралды. Күнтізбеде мектеп құрылысы мен оның жағдайы тұрды. Бұған дейін қоғамда қазақ тілінде және орыс тілінде оқытатын мектептер саны дау-дамай туғызған еді. Тіпті орыстілді мектептер саны күрт азаяды деген ақпарат тарады. Massaget.kz тілшісі Қазақстандағы білім мекемелерінің статистикасын ұсынады. 

Мектеп

Жаңа оқу жылында 3,7 миллион баланы қамтитын 7 637 мектеп жұмыс істейді. Оның 3738-і қазақтілді, 1121-і орыстілді, 2778 аралас  мектеп. Қазақтілді мектеп - 49 пайыз, орыстілді мектеп - 15 пайыз, ал қазақ және орыс тілдерінде білім беретін мектеп - 36 пайыз. 261 мектеп күрделі жөндеуден өткен.

Былтырғы статистикамен салыстыратын болсақ, бір жылда 697 мектеп іске қосылды. Оның ішінде қазақтілді 5 жаңа мектеп, қазақ және орыс тілдерінде білім беретін 731 мектеп ашылса, орыстілді 39 мектеп жабылған. 2021 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, биыл екі тілде оқытатын мектептерге басымдық бергенін байқаймыз. 

Мектепке дейінгі ұйымдар

Мектепке дейінгі ұйымдар саны мектеп санынан 4 мыңға асады. Биыл Қазақстанда 11 109 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде, қазақтілді мектепке дейінгі ұйым - 7342, орыстілді - 1609, ал екі тілді ұйым саны - 2158. Пайызға шаққанда, қазақтілді мектепке дейінгі ұйым - 66 пайыз, орыстілді - 14 пайыз, аралас - 20 пайыз. 

Ғылым және жоғары білім министрлігінің басшысы Саясат Нұрбектің баяндамасы бойынша, Республикада 120 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Оның ішінде, 11 ұлттық, 29 мемлекеттік, 14 азаматтық емес, 1 дербес білім беру ұйымы, 1 халықаралық, 16 акционерлік және 48 жеке. Биыл бұл оқу орындарында 623 839 адам оқиды.

Бакалавриат бойынша 575 511 адам, магистратура бойынша 36 483 адам, докторантура бойынша 5 924 адам білім алады. 

Жоғары оқу орындарының ішінде қанша қазақ және орыс тілді топ бар екені әлі анықталып жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек