Елімізде қалалардың саны артуы мүмкін

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Қазақстанда 18 ауылдың қала атануға мүмкіндігі жоғары екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Қазір елімізде 10 мыңнан астам тұрғыны бар ауылдың саны – 112. Оның ішінде 18 елді мекенде 30 мыңнан аса адам тұрады. Олардың мәртебесін өзгерту үшін заңнамада тетіктер бар. Мысалы, 3 жыл бойы халық саны 10 мыңнан асып отырса, онда облыс мәслихатының деңгейінде осы ауылдардың мәртебесін өзгерту құқығы бар, яғни қалаға айналдыру. 2021 жылдан бастап (заң) қолданысқа енген. Қазір облыс әкімдіктері мәслихаттардың өтініміндерін қарастырып жатыр. Бірақ әлі нақты шешім қабылданбаған, жұмыс жүргізілуде", - деді Нұрлан Байбазаров Үкімет отырысында.

Премьер-министр Олжас Бектенов "Бұл міндет емес, тұрғындардың құқығы ғой?" деп ойын нақтылады.

Министр ауылдықтарда мұндай мүмкіндік барын жеткізді.

"Иә, 3 жыл бойы халықтың саны 10 мыңға көбейсе, онда қалаға айналдыру мүмкіндігі бар. Тиісті облыс әкімдіктері шешім қабылдайды", - деді Нұрлан Байбазаров.

Айта кетейік, қазір елімізде 17 облыстық маңызы бар, 48 аудандық маңызы бар, 3 республикалық деңгейдегі қала бар: Астана, Алматы және Шымкент.

Аяз Есен

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!