Елімізде құжаттардың қағаз нұсқаларына біртіндеп тыйым салу керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде өткен кеңесте айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Президент ақпараттық технология дамыған заманда мемлекеттік цифрлық қызметтер кез келген қарапайым адамға түсінікті және қолжетімді болуы тиіс екенін жеткізді. Сонымен қатар, қандай да бір қызмет түрлерін іске қосар алдында әртүрлі санаттағы азаматтардан құралған топтар жасақталып, оған халықты белсенді қатыстырып, кеңесу керек екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Индустрия 4.0 аясында аталған жобаны кеңейту үшін реттеудің және ынталандырудың кешенді шараларын әзірлеуді тапсырды.
"Мемлекеттік басқару жүйесінде цифрлық технологияны қолдану - бүкіл бағдарламаның табысты болуының басты кілті. Бұл істе түбегейлі өзгерістер қажет. Барлық құжат айналымын толықтай электрон форматқа көшіру керек. Қазіргі кезде талап ететіндей, құжаттарды қағаз жүзінде де, электрон түрде де дайындап, тапсыру дұрыс емес. Құжаттардың қағаз нұсқаларына біртіндеп тыйым салынуы керек", - деді Мемлекет басшысы.
Президент тиісті заңнамалық актілерге, мемлекеттік органдардың жұмыс регламенттеріне қажет болған жағдайда өзгертулер енгізу керек екеніне назар аударып, Үкіметке, Парламент палаталарының Аппараттарына, басқа да органдарға осы бағытта толыққанды шаралар қабылдауды тапсырды.
Қазақстан Президенті кеңеске дейін Smart Data Ukimet жобасы аясында Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қаржы министрліктері мен "Ұлттық ақпараттық технология" акционерлік қоғамы атқарған жұмыстарының нәтижесімен танысты. Сонымен қатар, Мемлекет басшысына Smart Bridge және Интернет ресурстардың бірыңғай платформасы жайында мәлімет берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру дегеніміз бір ғана саланы немесе бір бағытты дамыту емес екеніне тоқталып, оның ең алдымен, экономиканың, өнеркәсіптің және қоғамның дамуына түбегейлі өзгерістер әкелуі қажеттігін баса айтты. Сондықтан барлық мемлекеттік органдар мен ведомствоға қарасты мекемелерге ортақ мониторинг жүйесін құрудың маңыздылығын ескертті.
Қазақстан Президенті Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі озық, заманауи жүйелердің қозғаушы күші болуы тиіс екенін, әзірге бұл мақсатқа толық қол жеткізбегенімізді атап өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл жұмыста біртұтас көзқарас, нақты жүйе жоқ. Соның салдарынан цифрландыру түрлі ведомстволарға шашырап, жайылып кеткен.
"Big Data технологиясын, "жасанды интеллект" алгоритмін қолдану нақты әрі дәл деректер базасын құруға, қате немесе ескірген ақпараттарды анықтауға, шашыраңқы мәліметтердің біртұтас және объектив көрінісін айқындауға көмектеседі. Сондықтан Үкіметке барлық мемлекеттік органды жұмылдыра отырып, Smart Data Ukimet жобасын қысқа мерзімде іске қосуды тапсырамын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы тағы бір өзекті мәселе ретінде өңірлерді цифрландыру жағдайын айтты. Бұл жұмыста алға жылжу болғанмен, әр аймақта және барлық салада біркелкі іске аспай жатқанын жеткізді.
"Бизнес пен азаматтар тарапынан жоғары сұранысқа ие, бірақ сыбайлас жемқорлық жиі болатын салаларда цифрландыру өте баяу жүргізіліп жатыр. Бұл жер телімдерін беру, табиғи монополиялардың қызметтеріне қосылу, қоғамдық көлікте жолақы төлеу жүйесі және басқа да салаларда көптеп кездеседі. Жергілікті атқарушы органдар аталған мәселеге қатысты белсенді жұмыс істейді деп сенемін. Цифрлық даму министрлігі бұл жұмысты тиісті деңгейде жолға қоюы тиіс. Президент Әкімшілігіне бақылауға алуды тапсырамын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы интернеттің жоқтығын немесе оның баяу жұмыс істейтінін айта келіп, қала мен ауыл тұрғындары арасында "цифрландыру алшақтығы" бар екенін атап өтті.
"Бұл жай ғана алшақтық емес, әлеуметтік теңсіздік. Сондықтан Үкімет "цифрлық алшақтықты" реттеу жұмыстарын жандандыруы қажет", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы деректер базасының еселеп артуына қарай тиісті инфрақұрылым мен сервис дайындау қажеттігіне назар аударды.
Мемлекет басшысы еліміздің шетелдік әзірлемелер мен технологияларға әлде де тәуелді екенін айтты. Сондықтан қажетті IT жобаларды әзірлеп, енгізу үшін Үкіметке "Астана Хаб", "Алатау" Инновациялық-технологиялар паркі, "Назарбаев Университеті" кәсіпорындарының әлеуетін арттыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
"Халықаралық жағдайларды ескере отырып, заңнамалық деңгейде бәсекеге қабілетті отандық әзірлемелерге басымдық бере отырып, сатып алу мәселесін пысықтау қажет. Бұл ең алдымен мемлекеттік секторға қатысты. Сол себепті Үкіметке цифрлық жобаларды келісу рәсімдерін жеңілдету жөнінде ұсыныс беруді тапсырамын. Біздің заңнамаларда базалық әдістер бекітілген. Сонымен қатар венчурлық қызметті толықтай тәртіпке келтіру және ынталандыру мәселесін де ойластыру қажет", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті Үкімет пен ҰҚК бірлесіп ақпараттық ресурстарды және жалпы "цифрлық дербестікті" тиімді қорғауды қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді. Оның айтуынша, бұл мақсатта ақпараттық қауіпсіздіктің 10 жедел орталығын құру жұмысын жалғастыру қажет. Сондай-ақ "ақпараттық қауіпсіздік" мамандығы бойынша білім беру грантын кемі екі мыңға дейін арттыру керек.
Мемлекет басшысы цифрландыру саласына жауапты вице-министрлер мемлекеттік аппараттың жұмысына оң өзгерістер әкелуі қажеттігін, сонымен қатар, олар экономикада және басқа да салаларда цифрлық реформаларды қолға алуы тиіс екенін атап өтті.
"Олардың міндеті - күнделікті жұмыс емес, реформалар мен өзгерістерді іске асыру. Осы ретте, мемлекеттік органдарда цифрландыру офицері лауазымын енгізу керек. Жергілікті жерлерде әкімнің нақты бір орынбасарын цифрландыруға жауапты етіп бекіту қажет. Олар Цифрлық даму министрлігімен тығыз жұмыс істеуі тиіс", - деді Президент.
Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев цифрандыру мемлекеттік маңызды іс, ел экономикасының дамуы аталған салаға тікелей байланысты екенін баса айтты.
Кеңесте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев баяндама жасады.