Елімізде жолға қатысты 20 мыңнан аса шағым түскен

Елімізде жолға қатысты 20 мыңнан аса шағым түскен
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Елде кейінгі 5 жылда жол саласына 6 триллион теңгеден астам қаржы бөлінген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап. 

Алайда қомақты сомаға қарамастан жолға қатысты сын азаймай тұр. Мемлекеттік органдар кейінгі екі жылда азаматтардың 20 мыңнан аса арыз-шағымын тіркеді. Саладағы түйткілдерді жою туралы Мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Қазір бұл бағытта қандай іс-шаралар қолға алынды?

Биыл жол саласында 24 қылмыстың беті ашылды. Ал кейінгі 5 жылда 94 жемқорлық дерегі әшкереленді. Мемлекетке келтірілген шығын 9 миллиард теңгеге жуықтайды. 5 жыл ішінде жол саласында 90 жауапты тұлға ұсталса, соның 64-і сот алдына барды.

"Бастапқы кезеңде жалпы проблемалық учаскелер дұрыс анықталмайды. Жоспарлау сатысында айтатын болсақ, жақында салынған жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жобалау кезінде смета жасанды түрде жоғарытылады. Келісімшарттар тәжірибесі мен келісімшарты жоқ мердігерлер мен бір көзден немесе картельдік келісімшарттармен жасалады", - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басқарма басшысы Нұрдәулет Сәмет. 

Жосықсыз мердігер 2 жыл конкурсқа қатыспайды. Қазір мұндай құрылыс компанияларымен күрес күшейді. "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы өз ісіне салғырт қараған 8 жол салушы мекеменің атын атап, түсін түстеді. Енді бұл компаниялардың құрылтайшылары мен басшылары екі жыл тендерге қатыспайды. Өз міндетін шала-пұла атқарғандар ғана емес, мемлекеттік сатып алу кезінде құжатында жалған ақпарат көрсеткендер де шеттетіледі.

Жосықсыз мердігерлердің тізіміне келесі мекемелер енгізілді:

  • "Каз Строй" КС" ЖШС
  • "Бекет Сат Жол" ЖШС
  • "Искер-Т" ЖШС
  • "Инженерный" центр
  • "АСТАНА" ЖШС
  • "Алматыдорпроект" ЖШС
  • "QazConstructions" ЖШС
  • Фирма "Автодорсервис" ЖШС
  • "Базис-Z" ЖШС                                              

"Мемлекеттік сатып алу кезінде осындай заң талаптарын бұзған компаниялар анықталады. Сондықтан бүгінгі күні біз барынша мемлекеттік бюджетті, басқа да қаржы ресурстарына түскен бюджеттерді ашық, тиянақты орындау мақсатында осындай мердігер компанияларды шарттарды орындамағаны үшін тізімге енгіземіз. Бұл тізім соттың шешімімен енгізіледі. Тас та езіліп, темір де тозады. Кейде жолдың болмашы кедір-бұдырына қарап, көңіліміз түсіп, күпірлік етеміз. Ондайда ойымызға әлемде жол сапасынан көш бастап тұрған Франция, Германия сынды елдер оралады. Алайда бір дүние анық. Осынау кең байтақ жерге жол салу үшін үлкен қажыр-қайрат керек", - деді "ҚазАвтоЖол" ҰК ресми өкілі Сәкен Ділдахмет. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Бөлек