Елімізде жолаушыларға арналған вагон шығарылады

Елімізде жолаушыларға арналған вагон шығарылады
Фото: көрнекі сурет. pixabay.com

Қазақстанда жолаушылар вагоны шығарылады. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында 15 ірі серпінді жобаны іске асыру тақырыбын талқылау кезінде Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Министр елімізде өңдеу өнеркәсібіне талдау жасалғанын, өнеркәсіпті одан әрі дамытудың әлеуетті бағыттары айқылданғанын жеткізді.

"2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға 47,2 млрд доллардың өнімдері импортталды. Импорттың жалпы көлемінің жартысына жуығы машина жасау саласына тиесілі - 20,1 млрд доллар (компьютерлер, электронды және оптикалық өнімдер, машиналар мен жабдықтар, автокөлік, тіркемелер, электр жабдықтары). Содан кейін химия өнеркәсібі (4,5 млрд доллар), тамақ өнеркәсібі (3,8 млрд доллар), қара металлургия (2,8 млрд доллар) қамтылды.

Бұл фактілер өңдеуші өнеркәсіпті дамыту үшін бірінші кезекте ішкі нарықтың шетелдік тауарларға сұранысын қысқарту мен экспортты ұлғайту бағытында әлеуеттің бар екенін көрсетеді. Талдау нәтижесінде біз инвестициялық, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі салаларындағы жобалар тізімін қалыптастырдық. Олардың бір бөлігі іске асырудың белсенді кезеңінде, бір бөлігі дайындық кезеңінде", - деді ведомство басшысы.

Қанат Шарлапаев ірі инвестициялық жобаларды пул құрамына қосу үшін министрлік алдын ала 20-ға жуық жобаны ұсынғанын айтты. Осылайша, елімізде болат өндіретін электрометаллургиялық зауыт пен мыс балқыту зауыты салынбақ.

"Қара металлургияда инвестиция көлемі 920 млрд теңгеге (1,9 млрд доллар "ССГПО" АҚ) ыстық брикеттелген темір өндіру жобасы ұсынылды. Өндірісті іске қосу темір кені шикізатын қайта өңдеуді тереңдетеді және отандық болат зауыттарын қажет шикізатпен қамтамасыз етеді.

Келесі жоба - арнайы мақсаттағы болат өндіретін электрометаллургиялық зауыт (инвестиция көлемі - 262 млн доллар, "Казахсталь" компаниясы). Дайын өнімнің (қуаты 1,2 млн тонна, 1 мың 45 адамды жұмыспен қамту жоспарланған) шамамен 80% (270 млрд теңге) ішкі нарыққа, атап айтқанда теміржол машина жасау және оның құрамдас бөліктері (локомотивтер, вагондар мен компоненттер) үшін жеткізу жоспарланып отыр. Түсті металлургияда инвестиция көлемі шамамен 600 млрд теңге болатын мыс балқыту зауытын (KAZ Minerals/ NFC) іске қосу жоспарланған. Катодты мыс жобасын іске асыру нәтижесінде Қазақстан әлемнің бес 5 өндірушісінің (Қытай, Жапония, Чили және Ресей Федерациясынан кейін) қатарына кіреді", - деді ол.

Сонымен қатар министр швейцариялық компания машинау жасау саласында жаңа жобаны іске қосатынын жеткізді.

"Теміржол саласында Stadler Rail AG (Швейцария) компаниясымен бірлесіп, жолаушылар вагондарын шығару жөніндегі жоба іске асырылмақ. Жоба 100 пайызға импортты алмастырады", - деді Қанат Шарлапаев.

Оның айтуынша, Қазақстанда көмір химиясы, металл, алюминийді қайта өңдеуде жаңа жобалар болуы мүмкін.

"Біз инвесторларды тарту үшін Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, әлеуетті жобаларды пысықтап жатырмыз. Бұл жобалар капиталды қажет етеді және жоғары технологиялық санатқа жатады", - деді министр.

Аяз Есен

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz