Елімізде "Желтоқсан" аты берілген 9 көше бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Атап айтқанда, 1 даңғыл, 8 көше бар.
Алматыдағы Желтоқсан даңғылына Қазақстандағы демократиялық қозғалыстың басы - Желтоқсан оқиғасының атауы (Алматы қаласы әкімінің 23.10.1991 №15/398 шешімі) берілген. Бұл саяси оқиға 1986 жылдың 16-18 желтоқсанында осы көшемен жалғасып жатқан Жаңа алаңда (қазіргі Астана алаңы) болған. Көше қаланың солтүстігінен оңтүстігіне қарай 2-Алматы темір жол станциясынан басталып, әл-Фараби даңғылына дейінгі аралықта созылып жатыр. Көше Алмалы және Медеу аудандарын қиып өтеді. Көшенің ұзындығы - 6400 метр.
Астанадағы Желтоқсан көшесі Шығанақ көшесінен басталып, Мәскеу көшесімен аяқталады. Абай, Бөгенбай батыр даңғылдары мен Тұрар Рысқұлов, Кенесары, Талғат Бигелдинов, Сәкен Сейфуллин, Әліби Жангелдин көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы - 2360,9 м.
Қызылордадағы Желтоқсан көшесі – қала орталығындағы ең үлкен көшенің бірі. Көше бойында Еуразия спорт кешені, "Қайсар" футбол клубы, қалалық су шаруашылығы бөлімі, жеке кәсіпкерлік нысандар, қалалық мәслихат ғимараты мен орталық алаң бәрі-бәрі жіпке тізген моншақтай осы көшеде орналасқан.
Өскемен қаласындағы Ертістің жағалауындағы “Ғашықтар аллеясы” орналасқан әдемі көшеге енді Желтоқсан атауы берілді. Көше Қабанбай көшесінен басталып Ертіс жағалауын бойлай “Бәйтерек” орналасқан шеңберге дейінгі аралықты қамтиды.
Бұдан бөлек республикадағы Балхаш , Тараз, Талдықорған, Шу және Батыс Қазақстан облысындағы аудандарда Желтоқсан көшесі бар.
Еске салайық, бұған дейін елімізде республика аты берілген қанша көше мен даңғыл бар екені жарияланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Кілемдегі дақты қалай кетіруге болады?
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз