Елімізде жаңа мемлекеттік наградалар тағайындалды: Президент заңға қол қойды

Елімізде жаңа мемлекеттік наградалар тағайындалды: Президент заңға қол қойды
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 11 қарашада «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заңға қол қойды, деп хабарлайды Massaget.kz.

Жоғары дәрежелі ерекшелік белгілері

Құжатта мемлекеттік наградалар мен құрметті атақтардың тізбесін нақтылау, сондай-ақ тиісті атақтарға ие болған педагогтер мен медицина қызметкерлеріне біржолғы төлемдер енгізу қарастырылған.

Құжатқа сәйкес, «Алтын қыран» ордені Қазақстан Республикасының ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі болып айқындалды.

«Халық қаһарманы» атағына қатысты ережелер де нақтыланды.

– «Халық қаһарманы» атағына ие болған адамдарға айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордені табысталады, – делінген құжатта.

Ордендер тізімінде қандай наградалар бар?

Заңда Қазақстан Республикасының мынадай ордендері көрсетілген:

  • «Отан»;
  • «Барыс»;
  • «Даңқ»;
  • «Al-Farabi»;
  • «Qoja Ahmet Yasaui»;
  • «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев»;
  • «Мейірім»;
  • «Айбын»;
  • «Парасат»;
  • «Достық»;
  • «Ел бірлігі»;
  • «Құрмет»;
  • «Еңбек Даңқы».

«Al-Farabi» ордені

Бұл орденмен білім мен ғылым, мәдениет және рухани өмір салаларындағы аса үздік еңбегі үшін Қазақстан азаматтары мен шетел азаматтары марапатталады.

«Qoja Ahmet Yasaui» ордені

Орден ағартушылық, мәдени-гуманитарлық және әлеуметтік салаларды дамытуға елеулі үлес қосқан отандық және шетелдік ғалымдарға, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне беріледі.

«Шәмші Қалдаяқов» медалі кімдерге беріледі?

Қазақстан Республикасының медальдар тізіміне мыналар кіреді:

  • «Ерлігі үшін»;
  • «Жауынгерлік ерлігі үшін»;
  • «Шәмші Қалдаяқов»;
  • «Ерен еңбегі үшін»;
  • «Шапағат».

Заң «Шәмші Қалдаяқов» медаліне қатысты жаңа баппен толықтырылды. Бұл медальмен композиторлар, дирижерлер, ән авторлары, дәстүрлі және эстрадалық музыка орындаушылары, сондай-ақ музыка және ән өнерін дамытуға зор үлес қосқан Қазақстан азаматтары мен шетел азаматтары марапатталады.

Қандай құрметті атақтар белгіленген?

Заңда мынадай құрметті атақтар көзделген:

  • «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері»;
  • «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы»;
  • «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері»;
  • «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері»;
  • «Қазақстанның еңбек сіңірген инженері»;
  • «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы»;
  • «Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері»;
  • «Қазақстанның еңбек сіңірген кеншісі»;
  • «Қазақстанның еңбек сіңірген геологы»;
  • «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы»;
  • «Қазақстанның көлік саласының еңбек сіңірген қайраткері»;
  • «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері»;
  • «Қазақстанның су шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қайраткері»;
  • «Қазақстанның халық әртісі»;
  • «Қазақстанның халық жазушысы»;
  • «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі».

Құрметті атақтарды беру талаптары

«Қазақстанның халық әртісі»

Атақ еліміздің театр, цирк, музыка және кино өнерін дамытуға ерекше үлес қосқан, бұған дейін «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» немесе «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атақтарына ие болған тұлғаларға беріледі.

«Қазақстанның халық жазушысы»

Бұл атаққа республика әдебиетін дамытуға ерекше үлес қосқан, бұрын «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алған тұлғалар немесе Қазақстан Республикасының әдебиет саласындағы мемлекеттік сыйлықтарының лауреаттары ие бола алады.

«Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі»

Заң осы атаққа қатысты нормамен толықтырылды. Атақ суретшілерге, мүсіншілерге, кескіндемешілерге, график-суретшілерге, зергер-суретшілерге, дизайнерлерге, реставраторларға, сәндік-қолданбалы өнер шеберлеріне, сондай-ақ монументалды және бейнелеу өнерін дамытуға ерекше үлес қосқан, бұған дейін Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасымен марапатталған тұлғаларға беріледі.

Кімдерге жәрдемақы немесе біржолғы төлем беріледі?

«Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» құрметті атағына ие болғандар заңнамада белгіленген мөлшерде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы.

«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағына ие болған педагогтерге «Педагог мәртебесі туралы» заңда белгіленген мөлшерде біржолғы төлем беріледі.

Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағына ие болған медицина қызметкерлері «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте белгіленген мөлшерде біржолғы төлем алады.

Көпбалалы аналарға арналған наградалар

Көпбалалы аналарға арналған наградалар – «Алтын алқа» және «Күміс алқа».

Даңқ кітабына кімдер енгізіледі?

Жоғары дәрежелі ерекшелік белгілерімен, «Отан», І дәрежелі «Барыс», І дәрежелі «Даңқ», «Al-Farabi» және «Qoja Ahmet Yasaui» ордендерімен марапатталған азаматтар туралы мәлімет Қазақстан Үкіметі құратын Қазақстан Республикасының Даңқ кітабына енгізіледі.

Даңқ кітабын жүргізу және сақтау қағидаларын, сондай-ақ оның сипаттамасын Үкімет бекітеді.

Заң қашан қолданысқа енгізіледі?

Заң қол қойылған күннен бастап, яғни 2026 жылғы 11 қарашадан қолданысқа енгізіледі.

О. Сансызбай
Logotype Massaget