- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Елімізде жалға берілетін...
Елімізде жалға берілетін тұрғын үйлердің бағасын көтеру ұсынылды
Бүгінде жалға берілетін пәтердің бағасын бір шаршы метріне 320 мың теңгеден 360-380 мың теңгеге дейін көтеру керек. Бұл туралы Қазақстан құрылысшылар одағы төралқасы төрағасының орынбасары Валерий Лакисов айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Жергілікті атқарушы органдар тарапынан жөндеу жұмыстары жүргізілген үйлерге сұраныс бар. Содан кейін олар жалға беріледі. Бүгінде Қазақстан тұрғын үй компаниясының мәліметінше, жалға берілетін тұрғын үйдің тапшылығы – шамамен 125 мың шаршы метр. Бұл механизм қажет. Себебі ол халықтың әлеуметтік осал тобына жататындарға пәтерді қолайлы бағамен алуға мүмкіндік береді", – деді Валерий Лакисов.
Оның айтуынша, құрылыс компанияларына мұндай тұрғын үйлерді салу тиімсіз.
"Қазір бұл үйлердің шаршы метрінің бағасы құрылыс компаниялар қажет бағадан төмен. Аталған жағдай мәселе тудырады. Себебі мұндағы баға нарықтағы бағадан төмен. Cондай-ақ алдымен пәтерде жөндеу жұмысы жүргізіліп, содан кейін иесіне берілуі керек. Мұнда әрлеу материалдарының бағасы ескерілмейді", – деді төрағаның орынбасары.
Валерий Лакисов бұл жағдай компанияның еркін дамуына мүмкіндік бермейтінін жеткізді.
"Мысалы, Астанада құрылыс компанияларынан пәтерді сатып алуға ұсынылатын баға бір шаршы метріне – 320 мың теңге. Бұл құрылыс компаниясының дамуына мүмкіндік бермейді. Өйткені пәтердің өзіндік құны мен сату құны арасында айырмашылық аз. Тіпті бұл маржиналдылық салық салу шығындарын да өтемейді. Қазақстан құрылысшылар одағы бұл деректердің ауадан алынбағанын нақтылау үшін тиісті ақпаратты беруге дайын. Соңғы 18-20 айда бағаның көтерілуін ескеріп, жағдай осындай екенін айтқым келеді", – деді ол.
Сондықтан орынбасар жалға берілетін үйлердің бағасын көтеруді ұсынды.
"Құрылысшылар одағы жалға берілетін тұрғын үйдің сатып алу құнын 380 мың теңгеге көтеруді ұсынады. Бұл сан жергілікті атқарушы билікке алдағы уақытта салынатын жалға берілетін үйді төмен бағаға сатып алуға мүмкіндік береді, ал құрылыс компаниясы шығынсыз дами алады. Өңірлерде жалға берілетін үйдің бір шаршы метрі кем дегенде 360 мың теңге болуы шарт", – деді Валерий Лакисов.
Отбасы банкінің төрағасы Ләззат Ибрагимова мұндай бағаны бюджет көтере алмайды деген пікірде.
"Жалға берілетін үйдің бағасы көтерілсе, ол құрылыс компаниясына тиімді. Бірақ бұл жағдай бюджетке шығын әкеледі. Мысалы, бюджет есебінен бұрын 2 миллиард теңгеге 100 пәтер сатып алса, (баға көтерілген жағдайда) 2 миллиард теңгеге 80 пәтер алуға мүмкіндік жетеді. Негізінен пәтерді жалға алған адам бұл айырмашылықты сезбейді", – деді басшы.
Ләззат Ибрагимова пәтердің қымбаттауын тұрғындардың қалтасы көтере алмайтынын жеткізді.
"Бақытты отбасы" бағдарламасы арқылы берілетін үйлер неге қымбаттамады? Себебі бұл – (пәтер) бірден иесіне берілетін жалғыз бағдарлама, кейін оны адам төлейді. "Шаңырақ" пен "Бақытты отбасы" бағдарламасында бағаның өсуі бірден ипотекалық төлемнен көрінеді. Сондықтан несие есебінен берілетін тұрғын үй бойынша баға көтерілмеді", – деді төраға.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Есен