Елімізде бірыңғай уақыт белдеуі болуға тиіс - Тоқаев

Елімізде бірыңғай уақыт белдеуі болуға тиіс - Тоқаев
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Енді бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге қатысты пікірталасқа тоқталайын. Үкімет пен Парламент бұл мәселені талқылады. Арнайы зерттеулер жүргізілді, шешімге күмән келтірген қоғам белсенділерінің қаупі мен күмән-күдігі расталған жоқ. Үкіметтің және депутаттардың басым көпшілігінің, сондай-ақ мамандардың уәжімен келісемін: біздің кең-байтақ жеріміз бар, халқымыздың саны да салыстырмалы түрде алғанда көп емес. Сондықтан елімізде бірыңғай уақыт белдеуі болуға тиіс. Бұл тәсіл мемлекетті басқару ісін жеңілдетеді, логистика мен көптеген бизнес-үдерісті оңтайландыруға септігін тигізеді. Осымен пікірталасты доғару қажет деп ойлаймын, оның үстіне бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ", - деді Тоқаев.

Айта кетейік, Ұлттық құрылтайдың IV отырысы биыл Бурабайда өтті. Жиында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Еске салайық, былтыр 1 наурызға қараған түні Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне өтті. Алайда 7 маусымда уақытты қайта өзгертуге қатысты петиция басталып, 50 мыңнан аса қол жиналғанымен, ол қабылданбады.

2025 жылғы қаңтардан бастап Шығыс Қазақстан облысының бірнеше ауданы жаңа жұмыс уақытына көшті.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова