Елімізде бірнеше өңірде азық-түлік бағасы қымбаттаған - Үкімет басшысы

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Үкімет отырысында еліміздің бірқатар өңірлерінде азық-түлік бағасының көтерілгенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Премьер-Министр әрі қарай инфляциялық қысымды төмендету керектігіне назар аударды. Екі айдың қорытындысы бойынша инфляция жылдық мәнде баяулап, 9,3%-ды құрады. Бұл ретте Үкімет пен Ұлттық Банктің алдында оны 8%-дан төмен ұстап тұру міндеті тұр.

"Күріш, жұмыртқа, жемістер, сусындар, сары май және макарон өнімдерінің бағасы қымбаттаған. Көріп отырғанымыздай, бағасы өсіп кеткен позициялардың саны едәуір көп. Демек бұл орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін көрсетеді", — деді Үкімет басшысы.
 

Жалпы өңірлер арасында инфляцияның ең көп өсуі Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында тіркеліп отыр.

"Егер өңірлер жергілікті жерде инфляцияны төмендету бойынша қажетті шаралар қабылдамаса, тиісті шешім қабылдау үшін маған дереу баяндауыңызды сұраймын. Осы бағыттағы жұмыста тұрақтандыру қорлары, форвардтық және оффтейк-келісімшарттар, өнім құнын арзандатуды субсидиялау, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша сауда субъектілерімен келісімдер жасау сияқты пәрменді тетіктерді белсенді пайдалану керек", — деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар импортқа тәуелді өнім өндірісін кеңейту және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіруге арналған басым дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту қажет.

"Әкімдер делдалдық схемаларды анықтау жөніндегі өңірлік комиссиялар жұмысының тиімділігін арттыруға тиіс. Орталық және жергілікті атқарушы органдарға Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін сапалы орындауды тапсырамын", — деді Премьер-Министр.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!