18 шілдеде Қазақстанның мемлекеттік орман қоры аумағында үш орман өрті тіркелді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өрт Ақмола облысында, Павлодар облысындағы «Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде және Шығыс Қазақстан облысында шыққан.
Өрт ошақтарын жедел анықтап, сөндіруге мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері мен «Қазавиаорманқорғау» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының күштері жұмылдырылды. Қажет болған жағдайда Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері де көмекке тартылған.
"Орман өрттерін оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жағдай тұрақты бақылауда", - делінген министрлік хабарламасында.
Еліміздің бірқатар өңірінде өрт қаупінің жоғары болуына байланысты тұрғындарға орман мен табиғат аясында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау ескертілді.
Атап айтқанда, азаматтарға рұқсат етілмеген жерлерде от жақпау, тұтануы мүмкін заттарды қараусыз қалдырмау және табиғатта демалған кезде сақтық шараларын ұстану қажет екені айтылды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз