Көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстанда бір шақырым жолдың құны 100 миллион теңге екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Жолдың бір шаршы шақырымының құны ауа райы мен материалға байланысты. Мысалы, оңтүстікте асфальттың бір түрі, солтүстікте басқа түрі төселеді. Сондықтан жолдың бір шаршы шақырымының құны көптеген факторға байланысты болады", - деді Марат Қарабаев.
Оның айтуынша, бір шақырым жолды жөндеу үшін 100 миллион теңге керек.
"Жалпы бір шақырым жолдың құны – 100 миллион теңге. Орташа жөндеу шамамен 20-50 пайызға қымбатқа түседі. Мұнда жолдың негізі ұсақталып, қайта өңделеді, онда тұрақтандырғыш қойылады. Нәтижесінде ол жолдың негізіне айналады. Бұл жолдың беріктігін нығайтады. Орташа жөндеудің жарамдылық мерзімі – 5 жыл. Бұл барлық норманы сақтаған жағдайда. Бір шақырым жолды күтіп ұстаудың құны – шамамен 2 миллион теңге", - деді министр.
Сонымен қатар көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев жолды орташа жөндеген кезде қанша қаржы жұмсалатынын айтты.
"Орташа жөндеу кезінде бір шақырым жолдың құны 120 миллион теңгеден 150 миллион теңгеге дейін болады. Мұнда асфальт жолдың екі қабатына төселеді, жалпы 15 сантиметр асфальт қарастырылған", - деді көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев.
Еске салайық, бұған дейін көлік министр жол сапасы ең жаман өңірлерді атаған еді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!