Бүгін Мәжілісте Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан "Білім беру және бала құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі" жаңа заң жобасын таныстырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, заң жобасы аясында келесідей түсінік енгізіледі:
Еділ Оспан бүгінде елімізде 22 мыңнан аса жетім және ана-ата қамқорлығынсыз қалған бала барын атап өтті.
"Мемлекет тарапынан жүргізілген саясат нәтижесінде 12 жылда балалар үйінің тәрбиеленушілер саны 4 есе, балалар үйлерінің саны 2,5 есе азайды. Қазір білім, денсаулық әлеуметтік қорғау салаларына қарайтын 116 ұйымда 3509 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар бар", - деді министрдің орынбасары.
Сондай-ақ заң жобасы аясында баланы қабылдайтын кәсіби отбасылар институтын енгізуде жаңа тәсілдер ұсынылады.
"Бала табылған соң балалар үйіне емес, бірден отбасына табысталады. Әрбір бала ата-ананың назарымен және қамқорлығымен қамтылуы үшін бір кәсіби отбасындағы бала саны төртеуден аспауға тиіс. Асырап алушы ата-аналардың жасы 30-53 аралығында болады. Баланы қабылдайтын кәсіби отбасы мәртебесін алуға үміткер отбасылар психологиялық даярлықтан және қамқоршылық және қорғаншылық органдарда аккредиттеуден өтеді.
Сондай-ақ психологиялық дайындықты жетім балаларға арналған білім беру ұйымдары жүзеге асырады. Аталған ұйымдар оқыту қорытындысы бойынша өз ұсынысын дайындайды", - деді Еділ Оспан.
Сонымен қатар, қорғаншылық органдар кәсіби отбасы үміткерлерінің заңнама талаптарына сәйкестігін қарайды және дайындалған қорытындыға талдау жүргізіп, нәтижесі бойынша үміткер отбасын аккредиттеуден өткізеді.
Министрдің орынбасары жаңа заң аясында отбасыларға жіберілетін балалар санатын көбейту ұсынылғанын айтты.
"Енді отбасыларға жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалармен қатар панасыз, қараусыз қалған арнайы әлеуметтік қолдауға мұқтаж балаларды да орналастыруды ұсынып отырмыз.
Материалдық ынталандыру үшін әрбір жетім баланы асырап-бағуға 10 АЕК (34 500 теңге) мөлшерінде ай сайынғы жәрдемақы және балалардың отбасында болу мерзіміне байланысты әрбір кәсіби тәрбиеші қызметіне 70 АЕК (241 мың 500 теңге) ақы төлеу көзделген", - деді министрдің орынбасары.
Айта кетейік, Оқу-ағарту министрлігі заң жобасы аясында 2 кодекске және 5 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздеп отыр.
Аяз Есен
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз