Елімізде 200-ден астам кәсіпорында 9 мыңға жуық қызметкер жұмысынан қысқартылды.
Бұл көрсеткіш ағымдағы жылдың ақпан айымен салыстырғанда шамамен 5 есеге көп. Бүгін Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі осылай деді. Тамара Дүйсенованың айтуынша, бұл олқылықтың орнын толтыру үшін биыл 7 айдың шінде 181 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Оның 120 мыңы – тұрақты жұмыс орындары. Қазір бұл мәселені түбегейлі шешу үшін тиісті құжат әзірленіп жатыр. Оған сәйкес, жұмыс берушілер қысқартылатын қызметкерлердің санын 2 ай бұрын министрлікке хабарлауы тиіс. Құзырлы орган өз кезегінде азаматтарды «Жол картасы-2020» бағдарламасы аясында есепке алып, екі қолға бір күрек тауып беруге көмектеседі. Ал сапаны көтеру үшін қызметкерлерді оқытуға болады. Оған кеткен қаражаттың 80%-ы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» есебінен төленеді.
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова "Қысқартылған адамдар бірінші өздерінің тұрғылықты жерлеріндегі аудандық әлеуметтік қамсыздандыру органдарына баруы керек. Жұмыс істеп жүрген болатын болса, жұмыссыз ретінде тіркелуі тиіс. Тіркелгеннен кейін 4 ай оған біз мемлекеттік қор тарапынан 30 пайыз еңбекақысын төлеп отырамыз. Екіншіден, дәл сол ауданда жұмыспен қамту орталығы болады. Сонда барса, қандай мекеме бар. Қандай бос жұмыс орындары бар біле алады. Қалаған жерді таңдауға болады. Егер де өз мамандығы туралы жұмыс болмаса, онда қайтадан оқуына болады" деп мәлімдеген.
Дереккөз: 24.kz