- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Елімізде 5 колледж...
Елімізде 5 колледж студенттерді лицензиясыз оқытқан
Елімізде 5 колледж студенттерді лицензиясыз оқытқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінде айтылды. Мемлекеттік аттестаттау кезінде техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы бірқатар жүйелік проблема анықталды.
Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің ақпараты бойынша, биыл елімізде 520 колледж мемлекеттік аттестаттаудан өтеді. Бақылау шараларынан бұрын оларда ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
"Мемлекеттік аттестаттауды өткізу лицензиясыз білім беру қызметімен айналысатын колледждерді анықтауға ықпал етті. Бұл Қостанай облысының Денисов кәсіптік-техникалық колледжі, Қарағанды облысының А.Мусин атындағы Балқаш гуманитарлық-техникалық колледжі, Қарағанды жоғары гуманитарлық, Ақтөбе гуманитарлық-техникалық колледж және Теміртау жоғары политехникалық колледжі", - дейді комитет төрағасы Ернұр Дәуенов.
Сондай-ақ, тексерілген 315 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымының 198-і аттестаттаудан өтпеген. Олардың басым бөлігі Ақмола, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Алматы, Қызылорда, Павлодар, Жетісу және Түркістан облыстарындағы оқу орындар.
Аттестаттаудан өтпеу себептері - техникалық және кәсіптік білім ұйымдары әзірлейтін білім беру бағдарламаларына сай болмауы, МЖМБС талаптарына сәйкес оқытушылардың сапалық құрамының (салаға сай мамандар емес, тиіс санаттағы оқытушылардың азы) болмауы.
Бұдан басқа, өндірістік оқытуды жоспарлау мен өткізудегі, оқыту нәтижелерінің жетістіктерін бағалаудағы, ерекше білім беру қажеті бар білім алушылар үшін жеке оқу бағдарламалары мен жоспар дайындаудағы қателіктердің болуы.
Бұл ретте Астана және Алматы, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Атырау облыстарының колледждері жақсы нәтижелер көрсетіп отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек