Сенат депутаттары Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында жастардың жастық межесін 35 жасқа дейін ұлғайту туралы заң жобасын талқылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сенат депутаттары Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері туралы заң жобасын талқылады.
Құжатта жастардың жастық межесін 35 жасқа дейін ұлғайту туралы мәселелері қарастырылған. Бұдан басқа жастар ресурстық орталықтарының функцияларын кеңейту, мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарына жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруды және волонтерлік қызметті дамытуды қосу, сондай-ақ, баланың бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімін ұлғайту мәселелері талқыланды.
Депутаттардың айтуынша, бұл ережелер мемлекеттік жастар саясаты мен әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманы жетілдіруге ықпал етеді.
Сенаторлар кеңейтілген отырыстың қорытындысы бойынша заң жобасын Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.
Еске салайық, былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың жас шамасын анықтау үшін бірыңғай шкала әзірлеуді тапсырған еді.
"Көптеген мемлекетте жастардың жоғарғы жас деңгейі 35 жасқа дейін жетеді. Бұл некенің орташа жасының өсуіне, адамдардың оқуға және біліктілігін арттыруға кететін уақытының ұлғаюына байланысты. Бұл бізге де қатысты", - деді Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.
Ақпараттық және даму министрлігінің мәліметінше, былтыр 21 мамырда ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысында Қазақстандағы жастардың шекті жасын 35-ке дейін көтеру мәселесі көтерілген.
Айта кетейік, қазір Қазақстанда 14 пен 29 жас аралығындағы адамдар жастар категориясына кіреді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!