Елімізде 2024 жылы үй бағасы қанша пайызға өседі?

Елімізде 2024 жылы үй бағасы қанша пайызға өседі?
Фото: depositphotos.com

Биыл елімізде баспана бағасы қалай өзгереді? Қазақстанда үйге сұраныс неге азаймайды? Бұған дейін бағаның өсуіне не себеп болды? Massaget.kz тілшісі белгілі экономист Сапарбай Жобаевпен сұхбаттасты. 

Елімізде баспана бағасы жылда өседі. Оған қандай факторлар себеп?

"Қазақстанда тұғын үй мәселесі – күрделі. Мұның өзіндік нақты себептері бар. Мәселен, Қазақстандағы тұрғын үй адам басына шаққанда - 22 шаршы метр, ал Еуропа елдерін алар болсақ, оларда орта есеппен бұл көрсеткіш - 45-55 шаршы метр. Елімізде тұрғын салу қарқыны бір жылдары 15 миллион квадрат метрге жеткен еді, алайда бүгінгі таңда халқымыздың саны 20 миллионнан асып отыр. Бұл дегеніміз елімізде үйге деген сұраныс өте көп екенін көрсетеді. Оның үстіне тұрғын үй бағасына урбанизацияда әсер етуде", - дейді экономист.

Халықтың жаппай қаладан пәтер сатып алуына не себеп? Ауылда да кәсібін дөңгелетіп отырғандар бар ғой...

"Бұл үрдіске түптеп келгенде жемқорлар кінәлі деп есептеймін. Мысалы, ауылдағы тұрғындар елді мекендерінде кәсіп ашып, жерін пайдалана алғанда, ауылдағы ағайын өз жерінде қалар еді. Қазір қарап отырсақ, Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарында халық нешетүрлі шұрайлы әрі суға мол жерлерін тастап қалаға кетіп жатыр. Өйткені ауыл халқының жайылымға да жері жоқ. Себебі, жердің бәрін әкімдіктер, олигархтар иеленіп алған. Сондықтан, тұрғын үй бағасының қымбаттауына үш себеп бар. Біріншіден, тұрғын үйдің аздығы, екіншіден, урбанизация үрдісі және үшінші себеп - ауылдық жердің жарамсыз болып қалуы. Міне, осы себептерден болып үй нарығында баға жиі өзгеріп жатыр", - деді ол.

Алматыда жер үйге сұраныс артып жатыр. Мұндай халық арасындағы дүрбелең үй бағасына әсер ете ме?

"Жер сілікінісіне байланысты Алматыда басталған дүрбелең уақытша нәрсе. Ол басқа қалалардағы тұрғын үй бағасының өсуіне тікелей әсер етпейді, бірақ жанама әсер етуі мүмкін. Егер соңғы екі жылдағы көрсеткішті қарасақ, айтарлықтай өсім жоқ. Әр қалада жылына 2-3 пайыздан өсіп жатыр. Әрине, үлкен қалаларда сәл көптеу өскен", - дейді Жобаев.

Пандемиядан соң үй бағасы кенет өсті? Бұған не себеп болды?

"2021 жылы зейнетақы қорынан 3,5 триллион теңге қаржыны азаматтарға тұрғын үй алуға берді. Сол кезде Қазақстандағы тұрғын үй бағасы негізсіз шарықтап кетті. Себебі, кенет сұраныс артып кетті. Халықтың 2-3 пайыз дәулетті адамдары сол кезде үйлерін сатып одан әрі баи түсті. Соның салдарынан қазіргі таңда халықтың қолжетімділігі төмендеп кетті", - деді ол.

Биыл Қазақстанда үй бағасы қанша пайызға өсуі мүмкін?

"Соңғы 6 айдағы көрсеткішке қарайтын болсақ, бұл еліміздегі инфляция деңгейінен аспайды. Қазіргі таңда жылдық инфляция 10 пайызға дейін түсті. Демек биыл елімізде үй бағасы орта есеппен 4-5 пайыздан аспайды. Баға түспейді, өсе бермек. Алайда әртүрлі қалада әрқалай, мәселен үлкен қалалар мен шағын қалада айырмашылық болады", - деді сарапшы.

Жасұлан Ордабаев 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz