Елімізде 107 мыңнан астам бала кезекте тұр: балабақшадағы орын тапшылығы мәселесі қашан шешіледі?

Қазақстанда мектепке дейінгі ұйымға кезекте 107 мыңнан астам бала (2-6 жас аралығында) тұр. Мемлекеттік балабақшаға бірінші кезекте қандай санаттағы балалар орын алады және балабақшадағы орын тапшылығы мәселесі қашан шешілмек? Massaget.kz тілшісі ҚР оқу-ағарту министрлігінен сұрады.

ҚР оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Республикамызда 11 602 мектепке дейінгі ұйым бар, оның 5 547-сі – мемлекеттік, 6 055-сі – жекеменшік. Мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 449 830 бала, жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 509 118 бала тәрбиеленіп жатыр. Ал кезекте 107 мыңнан астам бала тұр.

Мемлекеттік балабақшаға бірінші кезекте қандай санаттағы балалар орын алады?

Мемлекеттік көрсетілетін қызмет қағидаларына сәйкес мектепке дейінгі ұйымдарға кезектен тыс орын беру салалық заңдармен айқындалған. Атап айтқанда, әскери, мемлекеттік фельдъегерлік байланыс, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлерінің балаларына мектепке дейінгі ұйымға орын кезектен тыс беріледі.

Сондай-ақ, Министрліктің хабарлауынша, мына санаттағы балаларға орындар бірінші кезекте беріледі:

  • мүмкіндігі шектеулі, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасынан шыққан балаларға;
  • ата-анасының бірі мүгедектігі бар тұлға болып табылатын отбасынан шыққан балаларға;
  • ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;
  • жетім;
  • көп балалы отбасынан шыққан балаларға;
  • педагогтің балалары;
  • медициналық қызметкердің балалары.

Алайда ескеретін жайт, оларға орын "үшке бір" арақатынасында беріледі. Яғни, бос орындар бірінші кезектегі бір балаға, одан соң жалпы кезектегі үш балаға беру тәртібінде жүзеге асырылады.

depositphotos.com

Мемлекеттік балабақшаларға бала қабылдау қашан басталады? 

Балабақшаға қабылдау – үздіксіз процесс, яғни бос орындар мектепке дейінгі ұйымға кезекте тұрған балалармен толықтырылып отырады.

"ҚР Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 27 тамыздағы №381 бұйрығымен бекітілген мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру қағидаларына сәйкес, мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс бөлінеді", - делінген хабарламада.

Балабақшаларға қабылдау басталғаны жайлы ақпаратты Indigo24.kz, snation.kz, balabaqsha.open-almaty.kz секілді сайттардан біле аласыз. Кезек келген кезде телефон нөміріңізге кезектің келгені туралы хабарлама келеді.

Балабақшалардағы орын тапшылығы мәселесі қашан шешіледі?

"Жергілікті атқарушы органдармен 2023-2027 жылдарға арналған мектепке дейінгі ұйымдарды пайдалануға берудің және жаңа орындарды ашудың қадамдық жоспары әзірленген.  Қадамдық жоспарға сәйкес, жаңа орындарды ашу үшін республикалық бюджеттен өңірлерге жалпы сипаттағы трансферттер жөнелтілді. Биыл осы Қадамдық жоспарға сәйкес, 77 мыңнан астам орын ашу күтіліп отыр. Сонымен қатар, 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды сапалы мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 91,5%-ға дейін өсті", - деді Министрлікте.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз