- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Эльмира Әлиева: "Біздің...
Эльмира Әлиева: "Біздің жұмыстағы ең қауіптісі – уақыт өткізіп алу"
ARU LIFE жобасының жаңа қонағы – онкомаммолог, сертификаты бар пластикалық хирург, 3 баланың анасы Эльмира Әлиева. Эльмира Кушалиқызы Алматы облысындағы Есік қаласында дүниеге келген – 40-жылдардың басында оның әжелері дәл осы өлкеге Грузиядан репрессияланыпты. Отбасының ортаншы қызы Эльмира әкесіне ерекше жақын болған – онымен бірге мотоцикл теуіп, көлік жөндеуге көмектесіп, үй шаруасына қолғабыс еткен. Бағдарлама жүргізушісі Ольга Спиринаның қонағы ауылдың қара домалақ баласы болғанын, жылдар өте келе адам өмірін құтқарушы маманға айналарын ешкім ойламаған.
ARU LIFE жобасының серіктесі – Аltel ұялы байланыс операторы.
«Менің отбасым медицинаға тіптен жақын емес – анам балабақша тәрбиешісі, әкем инженер-энергетик. 8 жасымда соқырішек болып, аудандық ауруханаға түстім. Ота жасау керек деді. Бірнеше жылдан кейін дәрігерімді, балалар бөлімінің меңгерушісін кездестірген кезде ол менің операцияны көру үшін отаны наркозсыз жасауды сұраған алғашқы бала болғанымды айтып берді. Ол кезде дәрігер маған 12 жасқа толмаған балаға жергілікті анестезия салып, операция жасауға болмайды деп жауап берген. Күн сайын таңертең әдемі көйлегінің үстіне аппақ халатын киіп, мойнына фонендоскоп тағып алған дәрігерді көріп, мен де дәрігер болғым келеді деп ойлаушы едім. Бұл саланы таңдауыма алғашқы түрткі болған да осы жайт шығар. Мектепті бітіріп, құрбыларыммен бірге медицина университетіне түсуді шештік. Арамыздағы екі қыз, оның ішінде мен де бармын, С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазақҰМУ-ге грантқа түстік. Алғашында педиатрия мамандығына түстік, кейін интернатурада онкологияны таңдадық. Жалпы, мен әрдайым хирургияға қызығатынмын», - дейді доктор Әлиева.
Болашақ дәрігерлерге операция кезінде көмектесуге рұқсат етілгенде, олар мұны өзара ең құрметті қызмет санаған – жұмыс емес, ерекше қабілеттері үшін берілген марапат деп қабылдаған.
«Балалар хирургымен бірге операция жасаған кездегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, ол – керемет сезім. Мұндай баға жетпес тәжірибе жинақтау үшін, өзге қаладан келген студенттер үйлеріне кетіп, алматылықтар демалысқа шығатын кезде мен сұнранып келіп, жазғы демалыста операцияларға қатысатынмын. Қыста да тәжірибемді арттыруды тоқтатпадым. Осылайша, алтыншы курстан кейін хирург боламын деген сенімім арта түсті», - деп еске алды Эльмира Кушалиқызы.
Оқуы аяқталар кезде болған оқиғаларды хирург көзіне жас ала отырып еске алды.
«Алтыншы курста оқып жүрген кезімде әкеме «қатерлі ісік» диагнозы қойылды. Ол мұны бәрімізден, тіпті анамнан да жасырып, ауруын асқындырып алды. Оған гистология нәтижесін айтқан соң, ол басқа жаққа жұмыс істеуге кетіп, 4 айдай уақытын жоғалтып алды – әкем Ақтау мен Атырауға жиі іссапармен баратын. Оның арықтап бара жатқанын байқадық – онкологиялық процестің өзіне тән белгілері бар, ол адамды іштен жей бастайды, әсіресе, асқазанында болса, адам тамақты аз жейді. Асқазаны ауырмауы үшін оған біреу симптомдарды басатын ем жазып берген. Кейін оны қалалық онкодиспансерге апарып жүрген кездері мен керемет дәрігер Борис Монаховты кездестірдім», - дейлі дәрігер.
Бойжеткеннің әкесіне ота жасалып, бір химиялық терапия курсынан өтіп, үйде арнайы тамақтану мен жаттығу көмегімен қалпына келе бастады. Алтыншы курсты барлық пәннен үздік бітірген жас Эльмира хирургияны армандауды қойған жоқ. Монаховтан онкология бағытын таңдаса, ота жасай алам ба деп сұрап, ол операция жасай алатынын айтқан соң, бойжеткен әлі күнге дейін еңбектеніп жүрген саласын таңдаған.
«Алғашқы екі жыл аудандық онколог болып жұмыс істедім, міндетім – процесті анықтау, пациентке химиялық терапия немесе операция жасау керегін айту болатын. Бірақ әкемнің жағдайын ескере отырып, өзім үшін мынадай шешім шығардым - егер маған пациент жалғыз келсе және оның ағзасында «біздің» процесс жүріп жатқаны анықталған кезде мұны науқастың өзіне айтпаймын. Номерін жазып алып, жақындарына хабарласып, бәрін түсіндіріп беремін. Өйткені біздің менталитетіміз сондай – психосоматикаға соққы болады. Оған қоса, халқымызда «осынша уақытым ғана қалды, осы шаруаларды тындырып үлгеруім керек» деген түсінік жоқ. Науқастар, керісінше, ауруын жасырып, шөппен емдейтіндерді, халық емшілерін жағалап, баламалы ем жолдарын іздеп кетеді де, уақыт өткізіп алады. Онкологиялық процесс кезіндегі ең қауіптісі – уақыт өткізіп алу. Қатерлі ісік бастапқы кезеңінде табылса, оны кесіп тастауға, химиялық-сәулелі терапия жүргізуге болады. Мұның арқасында пациенттің өмірін 2-ден 12-13 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік бар. Ал адамдар көз тигенді емдейтін әжелерге барып, алтын уақытын өткізеді», - деп өкінішін білдірді Эльмира Кушалиқызы.
Өкшемізді басып келе жатқан жас буынды Эльмира Әлиева Жер-Анамызға қамқор болып, күндердің күнінде сарқылатын қайтарымсыз ресурстарды ысырап етпеуге шақырды.
Бүгін сағат 20.00-де Tengri TV YouTube-арнасынан көріңіздер.
ARU LIFE жобасының серіктесі - Аltel ұялы байланыс операторы. Аltel Қазақстанда 4G-ден ондаған есе жылдам 5G технологиясын белсенді дамытуда.
О. Сансызбай