Елге заңсыз әкелінетін көліктерге тоқтау қойылмақ: 1 қыркүйектен бастап өзгеріс болады

Премьер-министр Олжас Бектенов 10 күн ішінде Қазақстанға заңсыз көлік әкелуге қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұған дейін Қазақстанда көліктерді бейресми арналар арқылы әкелу кезіндегі алаяқтық жиілеп кеткені туралы мәселе көтерілді. Қазақстан көлік одағының президенті Анар Мақашеваның айтуынша, елге өзге мемлекеттерде кепілде тұрған, ұрланған немесе басқа да құқықтық мәселелері бар көліктер әкелініп жатыр. Сонымен қатар, сатып алушыларда мұндай көліктің тарихын алдын ала тексеруге мүмкіндік бола бермейді.

Үкімет басшысының айтуынша, заңсыз әкелінген көліктер көбіне техникалық және экологиялық талаптарға сай келмейді. 

"Қаржы министрлігі Өнеркәсіп министрлігімен бірге он күн ішінде көліктердің ел аумағына заңсыз әкелінуіне жол бермеу жөніндегі шаралар кешенін әзірлесін", - деп мәлімдеді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.

Ол кедендік әкімшілендіру мен техникалық реттеудегі жаңа тәсілдер 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап енгізілуге тиіс екенін баса айтты.

Сонымен қатар, премьер-министр қабылданып жатқан барлық шара бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!