Елеусіз бастамалар: белгілі эколог баспанасыз қалуының себебін айтты

Әлеуметтік желіде белгілі қазақстандық эколог, қоғам қайраткері Мэлс Елеусізовтің қарапайым өмірін көрсететін видео кеңінен тарап кетті. Ғаламтор қолданушылары оның өмірін қызу талқылап жатыр, тіпті кейбіреулер видеоның шынайылығына күмәнданады. Белгілі экологтың үйін "лашық секілді" деп бағалағандар көп. "Шын үйі емес, саяжайы" деп жатқандар да жетерлік. Ақиқатын білу үшін Massaget.kz тілшісі Мэлс Елеусізовті арнайы іздеп барып, қалай өмір сүріп жатқанын өз көзімен көріп келді.

@arman_abdolla

Дом Мэлса Елеусизова в Алмате

♬ оригинальный звук - Arman Abdolla

"Бұл бұрынғы балабақша ғимараты"

Мэлс Елеусізов бұрын балабақша болған шағын үйде тұрады екен.

"Бұл бұрынғы балабақша ғимараты. Балабақша 90-жылдары қараусыз қалып, талан-таражға түскен. Сосын босқа құрып кетпесін партиялық қажеттіліктер үшін алдық. Көріп отырғаныңыздай, мұнда жөндеу жұмыстары жүргізілмегелі біраз болған. Мен қызыммен осында тұрамын", – деді Елеусізов бізді қарапайым үйінің табалдырығында қарсы алып.

Еске сала кетейік, 2015 жылы Мэлс Елеусізовтің үйі өртеніп кеткен. Тілсіз жау кесірінен эколог үйсіз, ол басқаратын экоодақ штаб-пәтерсіз, жануарлар тәлімбақсыз қалған.

Кіреберісте бізді бірнеше ит қоршап алды, олардың арасында тазы және төбет тұқымды иттер бар. Осыдан-ақ тәлімбақтың енді осы жерден орын тепкенін аңғарамыз. Мэлс Хамзаұлы жақында аздап ауырып қалғанын айтты. Оның сауығып кеткеннен кейінгі бірінші жұмысы - осы иттерді тамақтандыру.

"Олар мен ауырып жатқанда аш қалды. 2 күн ауырып, жатып қалдым. Төсектен тұруға шамам болмады. Енді-енді сауығып келемін", - деді Мэлс ағамыз.

"Материалдық игіліктер мен үшін бірінші болмады"

Мэлс Елеусізов материалдық игілікке ұмтылмайтынын жеткізді. Алайда бар өмірін сарп еткен экологиялық жобалардың мемлекет тарапынан тиісті қолдау таппағандығына налиды. Сондай  жобалардың бірі - қоқыс қалдықтарын қайта өңдейтін эксперименттік алаң болған екен. Мэлс Елеусізовтің сөзінше, 2008-2015 жылдары Алматы әкімі болған Ахметжан Есімов "тұрғындарға кедергі" желеуімен алаңды жаптыртқан.


"Материалдық игіліктер мен үшін ешқашан бірінші болмады. Үйім өртеніп кеткеннен кейін осында қоныстандым. Балаларымның жеке өмірі, өз отбасы бар. Олар жеке тұрады. Дегенмен жобаларымның қолдаусыз қалғаны мені тығырыққа тіреді. Менде қазір қоқыс және қалдық су мәселесін шешуге септігі тиер 3 патент бар. Бірақ үкіметке қанша ұсынсам да қолдау болмай келеді. Алматының бұрынғы әкімі де менің жақсы жобамды қысып тастады. Әкіммен арамыздағы текетірес - мен оны ағаштарды кесіп тастағаны үшін айыптағанымнан басталды. Кейін қоқыс сұрыптайтын алаңды жаптыртып тастады. Бірақ ол алаңға тұрғындардың еш шағымы болмап еді, керісінше, қала тазалығына үлкен үлес қостық. Билікте отырғандар өздерінің қателіктерін көрсететін экологиялық бастамаларды көргісі келмейді", - деп ашынды Мэлс Хамзаұлы.

"Менен басқа ешкім тазылар жайын ойламайды"

Мэлс ағамыз 15-ке жуық тазы иттері бар екенін айтты. Бұл иттер үнемі күтімді қажет етеді. Сондықтан ағамыз оларды тамақтандыру, күтуді толығымен өз мойнына алған.

"Бізде Тазы тұқымын қайта жаңғырту бойынша мемлекеттік бағдарлама бар, бірақ менің 15 тазымды әлі ешкім сұрап келмеді, не қарайласайық демейді. Иттерімді өзім тамақтандырамын, бұл белгілі бір деңгейде қиындық тудырады. Жергілікті наубайханалармен келісіп қойғанмын – олар өтпей қалған нандарын тегін береді. Кейде достарым көмектесіп жатады, бірақ жағдайымды білсе де мемлекеттен қолдау жоқ. Менен басқа ешкім тазылар жайын ойламайды", - дейді эколог.

Жеміс бағында шөпке шырмалған "Регата" жобасы

Бақшаға кіріп, Мэлс Хамзаұлының алма мен алмұрт өсіріп жатқанын көрдік.

"Алма ағаштары жас, ал алмұрт өз бабында. Бірақ теруге денсаулық жарамайды", - деді ағамыз.

Бақша аумағында "Регата" жобасының көлігі де тұр. Елеусізов негізін қалаған Іле-Балқаш регатасының тарихы 2000 жылдан басталады. Өз уақытында үлкен туристік қозғалыс жасауға мүмкіндік берген жобадан тек мына ескерткіш қалыпты.

"Регатаның ашылу кезінде 5 мыңға дейін адам келген еді. Онда концерттер мен түрлі ойындар өткізілетін. Халық өз шығармашылығын көрсететін. Ит жарысы, жабайы жылқыларды үйрету, т.б. бағдарламаларымыз тым жақсы еді. Карантин кезінде жоба тоқтады. Әлі де бұл игі істі жаңғырту ойымда", - деді Мэлс Хамзаұлы.

Үйдің қасында оның ескі көлігі, 5 сериялы BMW E34 те тұр.

"Көлік қазір жүрмейді", - деді Мэлс ағамыз.

"Үйімнен шеберхана мектебін ашқым келеді"

Қарапайым өмір сүру жағдайына қарамастан, Мэлс Елеусізовтің болашаққа жоспары үлкен. Ол үйін жөндеуден өткізіп, балаларға пайдалы техникалық дағдыларды үйренетін шеберханаға айналдыруды армандайды.

"Мен балаларға қарапайым, бірақ маңызды техникалық дағдыларды үйрететін шеберхана мектебін ашқым келеді. Бүгінде ағаш ұсталары және техниктер азайып барады. Бұл өмірге қажет дағдылар болып табылады. Әзірге қаражат қарастырып жатырмын", - деп қоғам қайраткері жоспарларымен бөлісті.

Мэлс Елеусізовтің атақ-даңқына қарамай, материалдық байлыққа ұмтылмайтыны байқалды. Қарапайым өмір сүріп, тазы-төбеттерінің арасында, өмірлік миссиясы - табиғатты қорғауын тоқтатпақ емес. Жағдайын сұрай барған бізге де ең бірінші өз жағдайынан гөрі, ел мәселесі маңыздырақ екенін жеткізді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!