Бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің менеджері Зия Әлиев кейінгі жаңалықтар спортшының мансабына қалай әсер ететінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Менеджер бұл жағдай Данияр Елеусіновтің шаршы алаңдағы болашағына кесірін тигізбейді деген пікірде. Сонымен қатар, ол боксшы мас күйде болғанына сенбейтінін мәлімдеді.
"Бұл қалай әсер етуі керек? Ешқандай әсері болмайды. Данияр тізгінге мас күйде отырды дегенге сенбеймін. Қандай да бір антидепрессант ішкен болар. Қыста да оның отбасылық жағдайына байланысты қиындықтары болды, біз онымен сөйлесіп, талқылағанбыз. Өмірінде болып жатқан жағдайлардың бәрін тым ауыр қабылдайтын сияқты.
Ең бастысы зардап шеккендер жоқ. Негізі Данияр Майамиге ұшып келіп, жаттығуын бастауы керек еді, өйткені тамызда Zuffa-да жекпе-жек өткізу бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз", - деді Әлиев Tengri Sport-қа берген сұхбатында.
Еске салайық, бұған дейін желіде Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов ұсталған сәттің суреті тарады.
Сот мәліметінше, Е. алкогольдік масаң күйде Астана қаласының көшелерінде көлік басқарып келе жатып, 3 жол апатын жасаған. Сот Е.-ге 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза тағайындады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!