Көліктегі полиция департаменті 25 қыркүйекте Алматы әуежайында болған оқиғаға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін "Алматы - Астана" рейсіне отырғызу кезінде ер адам қауіпсіздік талаптарын бұзып, өз бетінше ұшақтан шығып, перронға жүгіріп шыққаны айтылды.
Оқиғадан кейін қауіпсіздік шараларын толық жүргізу үшін барлық жолаушы ұшақтан шығарылды. Соның салдарынан рейс кешігіп ұшты.
Медициналық тексеру нәтижесінде елорданың 35 жастағы тұрғыны жеңіл дәрежеде мас болғаны анықталды.
Тексеру қорытындысы бойынша ол Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің бірден бес бабы бойынша жауапқа тартылды. Атап айтқанда, қоғамдық орында мас күйде жүргені, тыйым салынған жерде темекі шеккені, ұшу қауіпсіздігі талаптарын және әуе кемесіндегі тәртіп ережелерін бұзғаны, сондай-ақ, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жаза тағайындалды.
Сот шешімімен ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Көліктегі полиция департаменті "заң талаптары баршаға бірдей, ал мәртебе, танымалдылық немесе бұрынғы еңбегі жауапкершіліктен босатпайтынын" атап өтті.
Бұған дейін Kozachkov offside Telegram-арнасы ұшудан бас тартқан жолаушы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов екенін хабарлаған. Арнаның мәліметінше, Елеусінов ұшақ көкке көтерілердің алдында райынан қайтып, әуе кемесінен түсіп қалған.
Биыл жазда Елеусінов Астанада мас күйде көлік жүргізіп, ірі жол апатына себеп болғаннан кейін ұсталған еді. Сол кезде елорданың әкімшілік соты боксшыны 20 тәулікке қамауға алып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырды.
Бостандыққа шыққаннан кейін Олимпиада чемпионы АҚШ-қа ұшып кеткен. Қыркүйекте Елеусінов әлеуметтік желіде ем қабылдай бастағанын мәлімдеді, бірақ нақты қандай дерттен емделіп жатқанын айтпады. Бұған дейін боксшы 2016 жылғы Олимпиададағы жеңісінен кейін ішімдікке байланысты қиындықтар болғанын, кейін оның дертке ұласқанын өзі айтқан еді.
Былтыр Елеусінов UFC басшысы Дана Уайттың Zuffa лигасымен келісімшартқа отырған. Алайда әзірге бұл ұйымда бірде-бір жекпе-жек өткізген жоқ.
Олимпиада чемпионының соңғы жекпе-жегі 2025 жылғы 19 шілдеде Вашингтонда өтті. Ол филиппиндік Джеймс Бэконды мерзімінен бұрын жеңді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!