- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Елес көрініп, техникалар...
"Елес көрініп, техникалар істемей қалған". Түнде көруге болмайтын қазақстандық қорқынышты сериал қалай түсірілді?
Қазақстанда хоррор жанрында сериал пайда болды. Salem social media компаниясы көпшілікке "Алас" веб-сериалын ұсынды. Сериал көптеген көрерменнің ойынан шыққан. Оған сериалға қатысты жазылған пікірлер дәлел бола алады. Сонымен қатар, көрермендер сериалдың қорқынышты болғаны соншалық, түнде көруге болмайтынын жазған. Қазақстандағы алғашқы мифологиялық хоррор жанрындағы сериал қалай түсірілді? Актерлер құрамы қалай таңдалды? Түсірілім кезінде қандай да бір тылсым күштер болды ма? Бұл туралы Massaget.kz тілшісіне компания өкілдері сұхбат берді.
Компания өкілдерінің сөзінше, Salem social media хоррор жанрына ұзақ уақыт дайындалған.
"Төрт жыл бойы әртүрлі форматтағы жобалар, веб-сериалдар түсіру арқылы қорқынышты жанрға да келіп жеттік. Қазақстанда хоррор жанрын қабылдамайды деген белгілі бір стереотип деп білеміз. Себебі дәл қазір "Алас" веб-сериалы жаңа арнада жарты миллионнан астам қаралым жинап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленуде. Жаңа арнаға салынғандықтан бұл үлкен көрсеткіш".
Түсірілім жұмыстары Алматы қаласының маңында өткен. Түсірілім барысында қиындықтар мен қызықтар да болған.
"Түсірілім ұжымы таңғы 5-тен бастап, күн батқанша 15 күн бойы үздіксіз түсірді. Жұмыс барысында түсірілім алаңында түсініксіз тылсым күштердің барын да сездік. Мәселен, грим жасайтын қызметкер тауда өткен түсірілім кезінде елестің бейнесін байқағанын айтты. Ал үйдің ішінде үнемі техникалар істемей қала берді. Кейінірек біздің жобамызға бақсылық жөнінде кеңес берген эксперттен сұрастырып көрдік. Ол бізге тылсым күштердің барын айтып, сол жерді үнемі тазалап отырды", - дейді компания өкілдері.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Алас" веб-сериалының сценарийі қазақ мифологиясына негіздеп алынған.
"Әлемге өзіміздің қазақ мифологиясының кейіпкерлерінің бірін танытамыз. Негізі, тарихымызда бұндай кейіпкерлер көп және олар бір-бірінен ерекшеленеді. Біз сондай бір кейіпкерді негізге ала отырып, әр бөлім сайын шарықтау шегіне жететіндей етіп жаздық. Әзірге біздің кейіпкердің бейнесі толығымен ашылған жоқ. Үшінші бөлімнен бастап көрермен әрбір нәрсеге мән беріп, кейіпкердің кім екенін таба алады. Сонымен қатар, Salem өзекті мәслелерді жиі көтереді, "Алас" веб-сериалында: ананың балаға деген махаббаты, отбасы арасындағы мәселелер, суррогат ана жалдау тақырыптары бар".
Ал "Алас" веб-сериалының режиссеры Қайрат Темірғалидың сөзінше, сериалдың актерлік құрамына таңдау ұзақ жасалған.
"Salem-нің негізгі мақсаттарының бірі көрерменге үнемі жаңа бейнені таныту. Осы тәжірибеге сай біз негізгі құрамды кәсіби театр және кино актерларының ішінен таңдадық. Олар: Әйгерім Аққанат Мұстафа, Мақсат Жақып, Райхан Айтқожанова, Жұматай Ахметхан, Мұрат Жарылқасынов. Сонымен қатар, басты рөлде ойнаған Алмагүл Қазихан-Сағындықты бірден бекіттік. Хоррор жанрында актерлерге қойылатын маңызды талаптар бар. Сондықтан мен режиссер ретінде актерлерді таңдау кезінде аса мән беріп қарадым. Мысалы, басты кейіпкер Алмагүл Қазихан-Сағындық қорқынышты, алаңдаушылықты және үмітсіздікті бейнелеуі маңызды болды. Бұл эмоцияларды көрермен сезіну үшін басты талап шынайылықты көрсетуінде. Қорқынышты жанрдағы актер үшін басты шарт - эмоцияға көп жеке күш салып, көрерменге үрей сыйлау керек. Хоррор жанрында кадрдағы өзін ұстау стилі, өзіндік қозғалыс физикасы бар. Сондықтан жанрда жұмыс істеу үшін актер жаңа нәрселермен бетпе-бет келуі керек", - дейді сериал режиссері Қайрат Темірғали.
Сериалда басты рөлдердің бірінде ойнаған актриса Алмагүл Қазихан-Сағындық бұл рөлді ешкімге бергісі келмегенін айтады.
"Бұл рөлді өте қатты қаладым. Тәжірибе ретінде көргім келді. Қиын болатынын түсіндім. Сонысымен қатты қызық болды. Сондықтан басқа жобалардан бас тартып, осы сериалдың түсірілімін күттім. Хоррор жанрында болғандықтан, күндіз түсірсек те, түнде түсірсек те, тауда түсірсек те аса қорқыныш болған жоқ. Жұмыс ретінде қарадым. Түсірілім процесінен ләззат алдым. Тәжірибе жинадым. Хоррор жанрында болғандықтан, түспей-ақ қоямын-ау деген ой болған жоқ", - дейді актриса.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина