Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің ширек финалына шықты

Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің ширек финалына шықты
Фото: instagram.com/wimbledon

Қазақстанның бірінші, әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина Лондонда өтіп жатқан "Үлкен дулыға" турнирі – Уимблдонның төртінші айналымындағы матчын өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Елена Рыбакина бұл кезеңде ресейлік теннисші, әлемнің 18-ракеткасы Анна Калинскаямен кездесті.

Қазақстандық теннисші алғашқы сетте 6:3 есебімен жеңіске жетті. Екінші сетте Елена 3:0 есебімен алға шыққанда, қарсыласы жарақатына байланысты жарысты жалғастырудан бас тартты.

Отандасымыз 53 минутқа созылған ойын кезінде жеті эйспен бірге алты брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. 

Енді Рыбакина ширек финалда украиналық Элина Свитолина мен қытайлық Ван Синьюй арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.

Айта кетейік, бүгін қазақстандық тағы бір теннисші Юлия Путинцева Уимблдон турнирінің төртінші айналымындағы кездесуін өткізеді. Ол бұған дейін әлемнің 1-ракеткасы Ига Швентекті үш сетте ұтып, сенсация жасаған еді. Путинцева ширек финалға шығу үшін латвиялық теннисші Елена Остапенкомен шеберлік байқасады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан