Қазақстанның бірінші, әлемнің бесінші ракеткасы Елена Рыбакина Токиодағы (Жапония) WTA 500 турниріне қатысудан бас тартты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бірінші айналымда 24 жастағы Рыбакина 18 жастағы чехиялық теннисші Линда Носковамен (WTA рейтингінде 41-орын) кездесуі керек еді. Матч 26 қыркүйекке жоспарланған. Енді Носкова жапониялық Химено Сакацумемен ойнайды.
"Токиодағы биылғы турнирден бас тартқаныма қатты өкініп тұрмын. Мен бұл турнирге қатысқым келді және маған бұл қала қатты ұнайды. Мен денсаулығым мен физикалық формамды бірінші орынға қоюым керек және 100 пайыз қалпыма келуім үшін уақыт керек", - деді Рыбакина.
Еске салайық, бұған дейін Елена Рыбакина Токиодағы турнирдің жеребесіне разы емес екенін жазған еді.
Ұйымдастырушылардың шешімі бойынша Елена Рыбакина бірінші раундта ойнайтын болды, ал Ига Швентек (әлемнің 2-ракеткасы), Джессика Пегула (4), Мария Саккари (6) және Каролин Гарсия (10) сияқты теннисшілер бірден екінші кезеңнен бастайды. Осыдан кейін Елена Рыбакина WTА шешімін сынап, сторисінде жазба жариялаған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!