Елена Рыбакина Арина Соболенкоға тағы да жол берді

Елена Рыбакина Арина Соболенкоға тағы да жол берді
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Елена Рыбакина Miami Open турнирінің жартылай финалында Арина Соболенкоға жол берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-та өткен беделді WTA 1000 – Miami Open додасындағы өнерін аяқтады. Финал жолдамасы сарапқа салынған тартысты бәсекеде отандасымыз Беларусь өкілі Арина Соболенкомен кездесті.

Әлемдік теннис көшбасшыларының текетіресі жоғары деңгейдегі қарқынмен өтті. Алғашқы партияда қос спортшы да жойқын соққылар мен шабуыл шебіндегі агрессив тактикаға басымдық берді. Еленаның табанды қарсылығы мен басымдықты иеленуге тырысқан талпыныстарына қарамастан, сет аяғында қарсыласы жинақылық танытып, есепті өз пайдасына шешті – 6:4.

Екінші кезеңде де Соболенко басымдығын нығайта түсіп, отандасымызға ойын ағымын өзгертуге мүмкіндік бермеді – 6:3.

Бұл теннисистердің өзара өткізген 17-ші кездесуі болды. Енді жеке текетірес есебі Соболенконың пайдасына 10:7 болып тұр. Miami Open титулы сарапқа салынатын шешуші матчте ол әлемнің төртінші ракеткасы, америкалық Коко Гауффпен кездеседі.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget