- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Елең еткізетін жаңалық"....
"Елең еткізетін жаңалық". Абай облысында сақ дәуіріндегі алтын жәдігерлер табылды
Абай облысында сақ дәуіріндегі алтын жәдігерлер табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Қазақстан" телеарнасына сілтеме жасап.
Археологтар 3 мыңға жуық алтыннан жасалған жәдігерді Семейдегі өлкетану музейіне табыстады. Былтыр ғалымдар Абай облысындағы Бозай қорғандарында қазба жүргізген. Нәтижесінде сақ қорғандарының бірінен алтын адам киімінің фрагменттері анықталған. Өкінішке қарай, қорым бұрын тоналған. Ондағы қымбат металдан жасалған ірі-ірі бұйымдар қолды болған. Ғалымдардың қолына содан қалған ұсақ алтын моншақтар, аң бейнесіндегі және өзге де әшекейлер түскен. Одан бөлек, археологтар бұған дейін белгісіз болып келген 100-ге тарта түркі, ерте темір дәуіріндегі ескерткіштерді анықтаған. Енді ол жерлерге де жаңа экспедиция ұйымдастырылмақ.
"Елең еткізетін жаңалық деп айтуға болады. Мұнда сонау сақ дәуірінің ақсүйектерінің бірі жатқаны анықталды. Алтын зат көптеп ұшырасты. Өте бір ыждаһаттылықпен жасалынған. Зергерліктің бір керемет туындылары", - деді археолог-ғалым Ғани Омаров
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек