Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол жүрісі және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл заң жол қауіпсіздігін арттыруға, жүргізушілерді даярлаудың сапалы жүйесін қалыптастыруға және осы саладағы мемлекеттік бақылауды күшейтуге бағытталған.
Осы мақсатта Ішкі істер министрлігіне жүргізушілерді даярлайтын оқу ұйымдарына рұқсат беру және олардың қызметіне бақылау жүргізу жөнінде өкілеттік беріледі.
Жыл сайын 140 мыңнан аса азамат алғаш рет жүргізуші куәлігін алады. Қазір жүргізушілерді даярлаумен 819 ұйым айналысады.
Тағы бір өзгеріске сәйкес электрсамокаттардың тротуарлармен және жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынады. Себебі олар жаяу жүргіншілердің, әсіресе, балалардың қауіпсіздігіне қатер төндіреді.
2025 жылы елімізде электрсамокаттардың кінәсінен 139 жол апаты тіркеліп, салдарынан 149 адам жарақат алған.
Сонымен қатар, "Жол жүрісі туралы" заңнан елдімекендерде қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған көлікті тұраққа қоюға тыйым салу туралы норма алып тасталады, автоматты түрде құқықбұзушылықтарды тіркейтін камераларды қолдану аясы кеңейтіледі, сондай-ақ, электромобильдер үшін арнайы мемлекеттік тіркеу нөмірлері енгізіледі.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!